Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандардың өздерін қоғам мүшесі ретінде сезіуіне мүмкіндік беру үшін екбекке балу міндетін қойған болатын.
«Қазақстан Республикасының мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңға сәйкес өзгеріс енгізіліп, жекеменшік кәсіпорындар мен мекемелер еңбек орындарының 3%-ын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға беру туралы талап енгізілген.
- Яғни, кәсіпорындағы қызметкерлердің 3%-ын мүмкіндігі шектеулі жандар болуы керек деген сөз. 50-ден 100 адамға дейін жұмысшысы бар кәсіпорындарда жұмысшылардың тізімдік санының 2 пайызы, 200-ден 250 адамға дейін – жұмысшылардың тізімдің санының 3 пайызы, 250-ден артық адам – жұмыскерлердің тізімдік санының 4 пайызы мөлшерінде белгіленеді, - дейді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бас маманы Ольга Федеровна.
Маманның айтуынша, кәсіпорындардан мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тарту бойынша есеп алынып отырады. Соған қарап кәсіпорындардың мүгедек жандарды жұмысқа алу міндеті тексеріледі.
Бұдан басқа, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру бойынша жыл сайын мемлекет тарапынан квоталар бөлінеді. Жеке кәсіпорындар мен мекемелер мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдай отырып, мемлекеттен субсидия алады.
Ал медициналық сараптама жасау мекемесі мамандарының айтуынша, «жұмыс табу үшін құжат қажет» екендігін айтып келетіндер көп көрінеді. Әсіресе, мамандығы бойынша жұмыс істегісі келетіндер көп.
- Алдымен олар жұмыс тауып алады. Кейін мамандығы бойынша жұмысқа жарамды екендігін дәлелдеу үшін бізге келіп, анықтама сұратады, тексерістен өтеді, - дейді маман Мадина Шолмаққызы.
Маманның сөзінше, мүмкіндігі шектеулі жандардың көбі еңбекке жарамды. Тіпті, психологиялық ауытқушылығы барлар, ДЦП-ға шалдыққандар кейбірі әлі күнге дейін жұмыс істейді.
- Мүгедектердің қай тобы болмасын, жұмыс істеуге құқылы. Мәселен, сал ауруына ұшырағандар да компьютер теру, кітап жинау сынды жұмыстарды істей алады, - дейді маман.
Мүгедектердің еңбек қатынастары саласындағы құқықтары ҚР мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңының 32-бабында бейнеленген. Осы заңға сәйкес, келесі пункттерді бөліп көрсетуге болады.
Бірінші және екінші топтағы мүгедектер үшін аптасына отыз алты сағаттан көп емес жұмыс уақытының қысқартылған түрі қамтамасыз етіліп, жыл сайын қосымша он бес жұмыс күніне дейін созылатын ақы төленетін демалыс беріледі. Түн мезгіліндегі жұмыс мүгедектің келісімі арқылы және оның денсаулығына зиянын тигізбейтін жағдайда ғана рұқсат етіледі. Еңбек келісімін жасаудан бас тартуға немесе қызмет бабы бойынша көтерілуіне мүмкіндік бермеуге, жұмыс берушінің инициативасы бойынша жұмыстан шығаруға, мүгедекті оның келісімінсіз басқа жұмысқа жіберуге болмайды. Мұндай жағдайда тек қана халықты әлеуметтік қорғаудың құқылы органдарының территориялық бөлімшелерінің шешімі бойынша мүгедектің кәсіби қызметінің оның денсаулығына немесе басқа адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндірген жағдайда ғана жүзеге асырылады.Мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен айналысуға мүмкіндік беретін тағы бір жол – кәсіп ашу. Кәсіп бастаған мүгедек жандардан салық алынбайды. Осы артықшылықты пайдаланғысы келетіндер көп.
- Тігіншілікпен айналысқаныма он жылдай уақыт болды. Басында үйде отырып тапсырыс алып жүрдім. Кейін колледжде тігіншілік пен дизайн бойынша сабақ бердім. Қазір Алматы қаласында шағым цехім бар, - дейді Құралай Адамбекқызы.