“Кәсіпкерлер бюрократия азайғанын сезінуге тиіс, бұл өткеннің еншісінде қалуы керек“ - Тоқаев

“Кәсіпкерлер бюрократия азайғанын сезінуге тиіс, бұл өткеннің еншісінде қалуы керек“ - Тоқаев
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы алдымызда бизнес бетпе-бет келетін әкімшілік кедергілерді азайту міндеті тұрғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлығының лауреаттарын, "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі.

"Экономиканы сапалы дамыту үшін реформаларды жалғастыру керек. Ең алдымен, экономиканың тиімділігі мен әлеуетін арттыру – басты мақсат. Квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий жарияланды. Бәсекелестік ортаға берілетін 473 нысанның тізімі жасалды. Сарапшылардың есебі бойынша, бұл кәсіпкерлерге шамамен 3,5 триллион теңге пайда табуға мүмкіндік береді. Алдымызда бизнес бетпе-бет келетін әкімшілік кедергілерді азайту міндеті тұр. Бұған дейін заңнаманы түгел тексеріп, оны жетілдіру жөнінде тапсырма берген болатынмын", - деді Тоқаев.

Ол үшін Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі жанынан Интеллект арқылы реттеу орталығы құрылып, міндетті талаптар тізімі енгізіледі.

"Сондықтан Үкімет пен бизнес қоғамдықтың үйлесімді әрекет етуін, әсіресе, цифрлық ықпалдастықты күшейту керек. Кәсіпкерлер бюрократия азайғанын сезінуге тиіс, яғни бұл өткеннің еншісінде қалуы керек. Үкімет пен қадағалаушы органдарға осындай міндет жүктеймін. Баға еркін нарық талаптарына сай қалыптасуы, мемлекет иелігінен жаппай шығару және икемді реттеу саясаты – экономиканың табысты трансформациясының кепілі", - деді Президент.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget