Кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне байланысты айтқан сөзінен кейін Қазнеттегілер компания сервистерінен бас тартуға шақырды. Компания өкілдері осы жайтқа байланысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айта кетейік, Қазнетте кәсіпкер Рамиль Мухоряпов жиындардың бірінде шетелден келіп жатқан ресейліктерге оларды түсіне тұра қазақ тілінде жауап беру "біртүрлі және бұл ұлтшылдықтың белгісі" екенін айтқан видео тараған болатын. Қазақстандықтар кәсіпкердің бұл мәлімдемесіне наразы болды.
Компания өкілдері Instagram-парақшаларында осы мәселеге қатысты пікір білдірді. Айта кетейік, бұл компанияның парақшасында қазақ тілінде жариялаған алғашқы жазбасы.
"Сұрақтардың көптігіне байланысты Choco холдингінің ресми жауабы. Choco - қазақстандық компания және біз қазақ тілін құрметтейміз. Біз барлық жобаны қазақ тіліне аудару жұмысын бірнеше ай бұрын бастадық, ал бүгін біз "өзіңмен тапсырыс алып кет" қызметі мен негізгі Choco қосымшасын қазақ тілінде шығардық. Жыл соңына дейін қалған жобаларымыз да аударылатын болады.
Қазақ тіліндегі коммуникация туралы: барлық жобаларымызда сіз қазақ тілінде көмекті немесе қажетті мәліметті қолданушыларға қамқорлық көрсету қызметінен және әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан ала аласыз. Бірақ парақшаларымызда мемлекеттік тілдегі контентте олқылықтарын бар екенін көріп жүрміз. Біз бұл кемшілігімізді мойындаймыз, алдағы уақытта қазақ тіліндегі контент барлық парақшаларда қолжетімді болады", - деп жазды компания өкілдері.
Сондай-ақ компания өкілдері "Choco қазақстандықтарды жұмыстан шығарып, орнына ресейліктерді алып жатыр" деген қауесетке жауап берді.
"Choco холдингінде жұмысқа тұру меритократиялық принципке негізделген. Қазақстандықтарды жұмыстан шығарып, ресейліктерді жұмысқа алып жатқанымыз туралы қауесеттердің сенімді ақпаратқа еш қатысы жоқ. Choco 650-ге жуық қызметкерлері бар қазақстандық компания және жұмысшылардың 100 пайызға жуығы қазақстандықтар", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Choco негізін қалаушы Рамиль Мухоряпов өзінің айтқан сөзіне қатысты жеке парақшасында пікір білдірді.
"Достар, мен не айтқым келеді. Мен қазақ тілін құрметтеймін, Қазақстан - менің отаным! Менің сөздерімді дұрыс түсінілмегенін қаламаймын. Мен кез келген қысымға қарсымын", - деді кәсіпкер.
Айта кетейік, Желіде #cancelchocolife хэштегі пайда болған. Әлеуметтік желілерде осы хэштегпен түрлі жазба пайда болды. Қазақстандықтар компания сервистерін қолданудан бас тартуға шақырды.
"Айтатының айтып алып, кешірім сұрайтыны оңай болыпты. Kешірмеу керек. Байкот десек, бакотты ұстану керек", "Мен пікірімді қазақша жазамын, ешқашан шығарған емес, сұрақтарыма да жауап жоқ. Кешірім сұраудың қажеті жоқ. Мұндай компанияларға орын жоқ", "#cancelchocolife нарықтан кетсін", - деп жазды Желідегілер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!