- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кәсіпкер Дулат Тастекей...
Кәсіпкер Дулат Тастекей "Міржақып. Оян, қазақ!" фильмінің режиссері Мұрат Есжанға ат мінгізді
Танымал кәсіпкер Дулат Тастекей Алаш зиялылары туралы танымал жобалардың режиссері Мұрат Есжанға ат мінгізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл жаңалықты Мұрат Есжан әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Оның сөзінше, екеуі де бір мектептің түлегі.
"Алматы көшелерінен ақбоз атқа мінген адам көріп қап жатсаңыздар, ол - менмін. Белгілі кәсіпкер, меценат, өнер жанашыры Дулат Тастекей ағамыз "ағаның ініге разылығы, қазақшылық жолы" деп астыма ат мінгізді. Ол атты құр ауызбен атай салмай, Алматының қақ төріне алдырып, Достық көшесіндегі тарихи мектепте тақымыма тигізді. Дулат аға екеуміз бір шаңырақтың, жаңағы тарихи мектеп - Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын республикалық мектеп-интернаттың түлегіміз. Біз оқығанда №2 деп аталатын, қазір Абай атамыздың атында. Бұл кісі - бізден бірер буын ілгергі шәкірт. Мектепке біз түскенде өздері болмағанмен, аттары аңыздай айтылатын мықты түлектердің бірі еді. Қазір де қара шаңырақтан кіндігін үзбей, "Ұшқан ұя" атты түлектер қорын құрып, бір жағы мектепке, оқушыларға қамқорлық қып, бір жағы түлектерді ұйыстырып, талай игі іске мұрындық болып жүр. Дулат ағамыз басқаратын "Асылтас" қорының бұған дейін де шарапаты тиіп еді. Бір топ әдебиет, өнер, ғылым өкілдеріне стипендия тағайындап, соның біріне біз де ие болғанбыз. Енді мынау "ат мінгізу" салтын ерекше тұрпатты, астарлы мәнді таралғы деп қабылдадық. "Ылайым аттан түспе!", "ат үстінде атқарар шаруаң көп болсын!" деген игі тілекке баладық. Өзі де ат үстінде жүрген азаматқа мың алғыс! Сондай-ақ, шараны ұйымдастырған "Ұшқан ұя" бірлестігіндегі барлық мектептестерге, бірлестік төрағасы Айбек Шегебай інімізге де ризашылық білдіремін. Мектебіміз өркендей берсін!" - деп жазды ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Желі қолданушылары режиссерді құттықтап, бір-бірін демеп жүрген аға мен інінің ісіне тәнті болды.
"Аға аманаты, ініге ізеті осындай ірі істерімен көрінгені бек қуантады", "Қалың ұйқыдағы қазағымды ояту жолында еңбегің еселене берсін, Мұрат інім", "Машалла! Алла екеуіңіздің де абыройыңзды арттырсын", "Қазақтың қазаны оттан, Асыл азаматтары аттан түспесін, тілекшімін", - дейді олар.
Еске салайық, бұған дейін кәсіпкер Сырымбек Тау "Міржақып. Оян, қазақ!" фильмінің режиссері Мұрат Есжанға көлік сыйлағаны хабарланды.
Тағы да оқи отырыңыздар: тұз шахтасының қандай пайдасы бар?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова