Кәсіпкер Бақыт Ибрагим өлімі: полиция істі тоқтатты

Кәсіпкер Бақыт Ибрагим өлімі: полиция істі тоқтатты
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Алматы полициясы Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласы, кәсіпкер Бақыт Ибрагимнің өз-өзіне қол жұмсауына қатысты тергеуді тоқтатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы Алматы полиция департаменті хабарлады.

"Алмалы ауданының полиция басқармасы бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы, 1-бөлігі (өзін-өзі өлтіруге итермелеу) бойынша қылмыстардың бірыңғай тізіліміне тіркелген қылмыстық іс шеңберінде соталды тергеу жүргізді. Тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Тергеу шаралары кешенінің нәтижелері бойынша қылмыстық іс бойынша іс жүргізу ҚР ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы негізінде тоқтатылды (іс-әрекетте қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты - ред.)", - деп жауап берді Алматы полиция департаменті Tengrinews.kz тілшінің сауалына.

Бұл шешімді Алматы қаласы Алмалы ауданының прокуратурасы бекіткені айтылған.

Еске салайық, биыл наурызда кәсіпкер Бақыт Ибрагим өлі табылды деген ақпарат тараған еді. Онда Бақыт Ибрагим өзіне қол салғаны жазылған. Кейін полиция бұл деректі растады. 

Айта кетейік, 2020 жылы Бақыт Ибрагим Жомарт Ертаевпен бірге RBK Bank-те "қаржы жымқырды" деп сотталып, былтыр күзде босап шыққан еді.

Бақыт Ибрагим 1985 жылы 28 мамырда туған. 

Кәсіпкердің жеке өміріне қатысты мәлімет жоқтың қасы. Кей мәліметтерде оның бұрынғы әйелі Меруерт Әбдір екені айтылады. Меруерт Әбдір - Бақытжан Сағынтаевтың үлкен қызы.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек