Каспийдегі сарбаздар қазасы бойынша 8 лауазымды тұлға қамауға алынды

Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілер қаза табуына байланысты тергеу жалғасып жатыр. Бас прокуратура өкілдері тергеу барысы туралы айтты, деп хабарлайды Massaget.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қадағалау органы мәліметінше, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу жүргізілген.

"Бүгінде 300-ден аса адамнан жауап алынды, 30-дан аса сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді", - деп жазылған хабарламада.

Тергеу барысында қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен 8 лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынды. Олар - Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ, катер капитаны.

"Жақын арада тергеуді аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр. Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында", - деп толықтырды ведомство өкілдері.

Каспийдегі қайғылы оқиға

24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілер Каспий теңізінде суға кеткен. Олар жағалауда оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жатқанда күн күрт бұзылып, жел күшейген. Теңізде 17 адам қалып қойған. Үш адам құтқарылып, 14-і қаза тапты.

Трагедиядан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіне кешенді тексеріс жүргізуді тапсырды. Президент әскерде жүйелі мәселелер бар екенін мәлімдеп, әскери қызметшілердің өлімін офицерлердің, соның ішінде генералдардың кәсібилік көрсетпеуінің салдары деп атады.

Кейінірек Қорғаныс министрлігінде кадрлық өзгерістер болды: Президент қорғаныс министрін ауыстырып, қорғаныс министрінің жаңа орынбасарларын тағайындады.

21 қазанда Қауіпсіздік Кеңесі отырысында әскери реформа жоспары мақұлданды. 24 қазанда Қорғаныс министрлігі оны іске асыру басталғанын хабарлады.