Каспийде қаза тапқан әскерилердің отбасыларына берілетін өтемақы мөлшері жарияланбайды

Каспийде қаза тапқан әскерилердің отбасыларына берілетін өтемақы мөлшері жарияланбайды
Фото: "Хазар қорғаны-2026". Сурет: t.me/modgovkz

Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына қанша қаражат төленетіні, сондай-ақ, көмек алушылардың жеке деректері жарияланбайды. Мұндай шешім әскерилердің туған-туыстарының өтініші бойынша және олардың жеке мәліметтерінің құпия болуын сақтау мақсатында қабылданған. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

"Әскери қызметшілердің жақындарының өтінішін ескере отырып, сондай-ақ, олардың қауіпсіздігі мен жеке мәліметтерінің құпиялығын сақтау үшін төленетін қаражаттың нақты мөлшері мен оны алушылардың деректері жарияланбайды. Қаза тапқан және зардап шеккен әскерилердің туған-туыстары қабылдаған бұл шешімге түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Комиссия өз жұмысын аяқтады. Жиналған қаражат белгіленген тәртіппен бөлініп, қабылданған шешімдер тиіс құжаттармен рәсімделді. Сенім білдіріп, түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс айтамын", – деді Бекмұрат Жүсіпов өз үндеуінде.

Қоғамдық кеңес төрағасының айтуынша, қорға түскен қаражат қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына әділ әрі теңдей бөлінген.

"Комиссия қаражаттың қор есепшотына түскен сәтінен бастап оны алушыларға аударылғанға дейінгі барлық кезеңді қатаң бақылауда ұстады", – деп атап өтті ол.

Еске салайық, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде болған. Әскери қызметшілер "Қайсар" катерінен теңізге түскен сәтте 17 адам су ағып кеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.

Қайғылы оқиғадан кейін Қорғаныс министрлігінде кешенді тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша оқу-жаттығуға дайындық пен оны жоспарлауда, қауіп-қатерді бағалауда, әскерилерді теңізге түсіруді ұйымдастыруда және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде елеулі кемшіліктер анықталғаны хабарланды. Тексерудің алғашқы кезеңінде 13 қылмыстық іс қозғалып, бес лауазымды тұлға қамауға алынды.

3 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қанат Ниязбековті Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметінен босатты. Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігінің тағы екі басшысы қызметінен шеттетілді.

Қазір соталды тергеу жалғасып жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін іске қатысы бар барлық адамның әрекетіне түпкілікті құқықтық баға беріледі.

Бұған дейін Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері қаза тапқан әскерилердің отбасыларына көмек көрсету үшін 815 миллион теңге жинағаны хабарланған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget