Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қазан айында Каспий теңізінде жүргізілген арнайы тексеру және құқықбұзушылықтың алдын алу шараларының қорытындысын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап.
Мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілген шаралар барысында заң бұзған 126 адам ұсталып, 44 шағын кеме тәркіленді.
"11,5 келі есірткі мен заңсыз балық аулауға арналған жалпы ұзындығы 88 шақырым болатын құралдар тәркіленді. Ауларға түскен бекіре тұқымдас және басқа да балықтардың 2337-сі қайтадан теңізге жіберілді", – деп хабарлады шекарашылар.
Заң бұзғандарға жалпы сомасы 4,5 миллион теңгеден асатын әкімшілік айыппұл салынды. Осы шаралардың арқасында мемлекетке 840 миллион теңгеден аса шығын келуінің алдын алынды.
ҰҚК Шекара қызметі азаматтарға теңізде белгіленген ережелерді қатаң сақтау қажетін ескертті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz