- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Каспийді құтқару үшін...
Каспийді құтқару үшін нақты шешімдерді пысықтау керек - Тоқаев
Қазақстан Президенті Каспий және Арал теңіздеріндегі экологиялық мәселелерді шешу үшін бірлескен күш-жігер қажет екеніне назар аударды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Каспий теңізінің логистикалық әлеуетін арттыру маңызды дедік. Бірақ ондағы экология мәселелерін де назардан тыс қалдырмау қажет. Мысалы, өзекті түйткілдің бірі – теңіздің тартылуы. Оның қоршаған ортасын, флорасы мен фаунасын қорғау да – аса маңызды міндет. Каспийді құтқару үшін нақты шешімдерді пысықтау керек. Осы ретте, түркі елдері ғалымдарының ықпалдастығын жандандыратын кез келді. Сонымен қатар Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе. Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек. Бұған қоса, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану қажет. Ол үшін су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану керек", – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, бүгінгі басқосудың маңызды мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік бергенін атап өтіп, осындай кездесулер түркі әлемінің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға және бауырластық байланыстарды нығайтуға зор үлес қосатынын айтты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Д. Шәріпхан