Блогер Абай Жанысбаев Instagram-парақшасында Каспий теңізінің жағасында қырылған итбалықтардың видеосын көрсетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видеода жағалауда жатқан итбалықтардың өлекселері көрінеді. Абай Жанысбаев Lada.kz тілшісіне видеоны 12 қарашада Форт-Шевченко ауданында түсіргенін айтты.
"Каспийдің жағасына барсаңыз, аянышты көріністің куәсі боласыз. Себебі қырылған итбалықтың өлекселері жағаға әлі де шығып қалып жатыр. Обал…", - дейді ол.
Түсірілім барысында Абай Жанысбаев жағаға шыққан 80-ге жуық өлі итбалық ұшасын санап шыққан.
Еске салайық, Маңғыстау облысында итбалықтың қырылуына қатысты зерттеу қорытындысы шыққан еді.
Экологтардың сөзінше, су жануарлары ауру жұқтырған жағдайда олар жаппай бір жерде өлуге тиіс еді. Алайда өлекселер әр жерден табылған. Сондай-ақ қырылған аналық итбалықтардың жартысынан көбі буаз екен. Бұл олардың тіршілікке бейім болғанын көрсетеді.
Айта кетейік, Каспий жағалауынан қазанның 27-сі мен 30-ы аралығында 300-ден аса итбалық өлексесі табылған. Ал осы аптаның басында тағы 121 өлексе табылды. Қырылған су жануарларын зерттеумен айналысқан Әсел Баймұқанованың айтуынша, итбалықтар күзде көбеюі үшін Солтүстік Каспийге қарай ауысады. Олар теңіздің осы бөлігіне шоғырлану кезінде өлген болса керек.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз