- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Каспий теңізіндегі судың...
Каспий теңізіндегі судың тартылу проблемасын шешуге 98 миллиард теңге бөлінген
Экология және табиғи ресурстар министрлігі өкілдері Каспий теңізіндегі судың тартылу себебін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Каспий теңізінің су тапшылығының басты себебі, елдің Экология министрлігінің мәліметінше, планетаның бүкіл солтүстік жарты шарын шарпыған климаттың жылынуы.
"2006-2020 жылдар аралығында Каспий теңізінің су айдынына жауын-шашын аз түсті, ал булану процестері анағұрлым қарқынды болды, сонымен қатар, Еділ өзенінің бассейніндегі суы аз жылдарға байланысты орташа су ағыны да аз болды", - делінген министрлік хабарламасында.
Осы проблемаларды шешу үшін трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі комиссия жұмыс істейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы барлық трансшекаралық өзен бойынша, оның ішінде Жайық (Орал) өзені бассейні бойынша жұмыс топтары құрылған.
"Сондай-ақ Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарлары шеңберінде Жайық-Каспий бассейніндегі су шаруашылығы жағдайын жақсарту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Осы кезеңде өткізілген іс-шараларға 98 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Айта кетейік, Ресей тарапы да осындай шаралар қабылдап жатыр", - деді министрлік өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина