- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Каспий теңізіндегі итбалықтардың...
Каспий теңізіндегі итбалықтардың саны 300 мыңнан асты
Каспий теңізінде шамамен 300 мыңнан астам итбалық бар. Су жануарларының саны өткен жылмен салыстырғанда азаймаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Каспий итбалықтары қаңтар айының аяғында Құлалы аралының солтүстік батыс аймағында күшіктей бастады. Оларды бақылау жұмыстары мұзжарғыш кемелер мен тікұшақ арқылы іске асып жатыр.
"Каспий итбалығының популяциясын сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан мемлекеттік табиғи резерват құруға тапсырма берілген болатын. Осы тапсырма бойынша қазіргі таңда жаратылыстану-ғылыми негіздемесі дайындалды. 2023 жылдың маусым айына дейін техникалық экономикалық негіздеме жасалып, 2024 жылдың аяғына дейін арнайы мемлекеттік табиғи резерват құрылатын болады", - деді "Жайық-Каспий" облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Мәншүк Темешева.
Бүгінде жойылу қаупі бар Каспий итбалықтарын сақтап қалу маңызды. Сондықтан, күшіктеу орындарына жылда мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, мамандар соңғы жылдарда 40-тан астам жарақаттанған итбалықты емдеп, қайтадан теңізге жіберген.
Сая Мәжитқызы
А. Жапатова