Ақтаулық блогер Каспий теңізі 10 жыл ішінде қалай өзгергенін көрсетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кадрлардан теңіз жағалаудан айтарлықтай қашықтағанын көруге болады. Видео авторы Нұркен Тәжібайдың айтуынша, кадрларда Ақтаудағы "Шағала" санаторийі маңындағы жағалау бейнеленген.
10 жыл бұрын түсірілген видеодан пирсті байқауға болады. Ал қазіргі кадрларда бұл пирс жоқ, оның орнында құрғап қалған жағалау көрінеді.
"Мен Ақтауда дүниеге келдім, қазір 40 жастамын. Бұл орынды бала кезімнен жақсы білемін. Бұрын бұл құмды жағажай болатын. Біз бала күнімізде осы пирстен суға секіретінбіз. Жаз мезгілінде достарымызбен осы жағажайда жиі уақыт өткізетінбіз. Қазір теңіз жағалаудан 100 метрден аса қашықтаған. Ол жерде қазір ешкім шомылмайды, жағажай мүлде жоқ", - дейді Нұркен.
Блогердің айтуынша, қазіргі Каспий теңізінің жағдайы ақтаулықтарды алаңдатып отыр.
"Бұл мәселе туралы бұрыннан бері дабыл қағылып келеді. Бізге су қайта оралады деп айтады, бірақ бұл екіталай. Теңіз қайтып келмейтінін көрсететін көптеген фактор бар. Әрине, бұл бізді алаңдатады. Мен Каспий Арал теңізінің тағдырын қайталай ма деп қорқамын. Егер теңіз тартылып кетсе, экологиялық апат болуы мүмкін. Су жоқтығынан қала да қаңырап бос қалуы мүмкін", – деп алаңдаушылығын білдірді Нұркен Тәжібай.
Айта кетейік, жуырда экологтар да дабыл қақты. Олардың пікірінше, Каспий теңізі Арал теңізінің тағдырын қайталауы мүмкін. Климаттың өзгеруі, бақылаусыз өндірістік қызмет, т.с.с. өңірдің бірегей экожүйесіне қауіп төндіреді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова