Каспий маңында ондаған құс өлі табылды

Каспий маңында ондаған құс өлі табылды
Фото: Lada.kz

Ақтаудағы Rixos маңында ондаған құс өлі табылды. Оқиға орнына арнайы мамандар барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

​Ақтаулық тұрғын Lada.kz басылымына ондаған құстың өлі жатқанын хабарлаған. Ол Rixos қонақүйінің маңында қыдырып жүрген кезінде өліп қалған құстарды байқап қалған. Оқиға 2 қаңтарда болған.

Тұрғынның сөзінше, құстар 500 метр жерде шашылып жатқан. 

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы оқиға орнына инспекторларды жібергенін хабарлады. Орнитолог Мәлік Нөкісбековтің айтуынша, суреттегі құстар - өңірде ұя салатын ұсақ қарақұйрықтар. 

Фото: Lada.kz

"Бүгінде Қаракөл көлінде 10-нан астам аққу және басқа да құстар мекендейді. Ал бұл жағдайда Каспий жағалауында бірнеше құс табиғи түрде, әлсіреуінің салдарынан өлген", - деп мәлімдеді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының өкілдері. 

Комитеттегілердің сөзінше, құстардың жаппай қырылуы тіркелмеген. Дегенмен Қаракөл көлінде желтоқсан айының соңында Микробиология және вирусология орталығының мамандары зерттеу үшін өлген аққулар мен үйректерден сынама алды. Оның нәтижесі 10 қаңтарға дейін дайын болады.

Ведомство өкілдері құстар құс тұмауынан да өліп қалған болуы мүмкін екенін айтты. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина