Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Теңіз терминалындағы жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрліктің мәлімдеме мәтіні 30 қарашада ведомствосының Telegram-арнасында жарияланды.
"Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Новороссийск теңіз порты акваториясында халықаралық Каспий құбыр консорциумының аса маңызды инфрақұрылымына бағытталған кезекті мақсатты шабуылға байланысты наразылық білдіреді", – делінген мәлімдемеде.
Министрлік мәліметінше, бұл оқиға халықаралық құқық нормаларымен қорғалатын азаматтық нысанға қарсы жасалған үшінші агрессиялық акті болып отыр.
"Жаһандық энергетикалық нарықтың жауапты қатысушысы ретінде Қазақстан энергия ресурстарын тұрақты әрі үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуге ерекше мән береді", – деп атап өтті ведомство өкілдері.
СІМ КҚК-ның әлемдік энергетикалық жүйенің тұрақтылығын сақтауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
"Осы оқиғаны Қазақстан Республикасы мен Украинаның екіжақты қатынастарына залал келтіретін әрекет ретінде бағалаймыз және украин тарапы мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бойынша нақты шаралар қабылдайтынын күтеміз", – делінген мәлімдемеде.
Еске салайық, 29 қарашада астана уақытымен 06:06-да Новороссийск порты ауданында КҚК-ның теңіз инфрақұрылым нысандарына экипажы жоқ жүзу құралдары арқылы шабуыл жасалды. Шабуыл нәтижесінде теңіздегі қашықтағы айлақ қондырғысы ВПУ-2 (қалқымалы тиеу құрылғысы) айтарлықтай зақымдалды. Агрегат толық жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенге дейін істен шыққан.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!