Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылдар бюджетке қалай әсер етті?

Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) мәселелер Қазақстандағы мұнай өндіру мен экспорт көлеміне әсер еткен факторлардың бірі болды. Бұл туралы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Азамат Әмринге "КҚК-ға жасалған шабуылдар бюджет кірісіне әсер етті ме?" деген сұрақ қойылды.

"Ол жақта өрт те болды. Геосаяси жағдай да әсер етеді. Бізде өндіріс көлемі, экспорт азайды. Бұған макрокөрсеткіштер, соның ішінде теңге бағамының да әсері барын көріп отырмыз", - деп жауап берді Азамат Әмрин.

Айта кетейік, бюджет болжамындағы мұнай бағасы өзгертілді. Республикалық бюджеттің қазіргі жобасында бір баррель құны 70 доллар деп белгіленген. Бұл 2026-2028 жылдарға арналған бюджетті жоспарлау кезіндегі, яғни бір жыл бұрын бекітілген көрсеткіштен 10 долларға жоғары.

Азамат Әмриннің айтуынша, бюджетті есептеу кезінде халықаралық қаржы ұйымдарының болжамдары, әлемдік нарықтағы жағдай ескерілген. 

Каспий құбыр консорциумы Ресейдің, АҚШ-тың, Қазақстанның және Батыс Еуропаның бірқатар елінің отын-энергетика кешеніндегі ірі кәсіпорындарының басын қосады. КҚК Қазақстанның үш ірі кенішінен, яғни Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтан мұнай тасымалдануын қамтамасыз етеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!