“Каспий“ футбол клубының экс-директорына және діни орта өкілдеріне қатысты тергеу басталды

Маңғыстау облысында "Каспий" футбол клубының бұрынғы директоры мен деструктивті діни орта өкілдеріне қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Олар аса ірі көлемде ақша бопсалады және зорлық-зомбылық көрсетті деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің баспасөз өкілі Данияр Биғайдар БАҚ өкілдеріне арналған брифингте мәлім етті. 

"Прокуратураның үйлестіруімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет үш күдіктіні қамауға алды. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 128-бабы негізінде олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар экс-директордың футбол клубының оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілеріне қатысы тексерілуде. Қазіргі уақытта бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр", - деді ресми өкіл. 

Айта кетейік, "Каспий" футбол клубында оқу-жаттығу жиындарына бөлінген 27 млн теңгеден аса қаражат жымқырылғанын жазған болатынбыз. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!