- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Каспий теңізі
Каспий деңгейі екі метрге төмендеді
"Қазгидромет" дерегінше, 2006 жылдан бері судың деңгейі 2 метрге төмендеген. Бұл құбылысты Ақтау тұрғындары да байқап, интернетке видеолар жүктеп жатыр. Көпшілік бірнеше жыл бұрын түсірілген қала жағажайы мен оның бүгінгі көрінісін салыстырып, теңіздің тартылу себебін анықтау қажет деп дабыл қағып жатыр. Ал табиғат жанашырлары Каспий теңізін ғылыми-зерттеу институтын құру жұмыстарын жеделдетуді сұрайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Әуесқой фотограф Қанатбек Кенжеғұлов үш жыл бұрын теңізде тастың үстіне қонақтаған қос шағаланы түсіріпті.
"Сол кезде жартастың екі ұшы су бетінде көрініп тұрды. Қазір су жағалаудан шегініп кеткесін, басқа да ірілі-ұсақ тастармен бірге құрлыққа шығып қалды. Осыған қарап, Каспийдің қаншалықты тартылғанын байқауға болады", - дейді қала тұрғыны.
Экологтардың пайымдауынша, теңіздің таяздануынан су түбіндегі қысым азайып, улы газдар бөлінуі мүмкін. Бұдан оның флорасы мен фаунасына қауіп бар. "Мәселенің шешудің бір жолы - Каспий маңындағы бес мемлекет өзара келісімге келіп, айдынға жүзден астам өзеннен келіп құйылатын судың мөлшерін көбейту қажет", - дейді мамандар.
"Жалпы Каспий теңізіне құйылып жатқан судың 80 пайызы ол Еділ өзенінен келіп жатыр. Екінші орында Жайық өзенінен келіп жатыр және басқа да мына Кавказ тауларынан құйылып жатқан өзендер бар. Еділден құйылатын су азайғаны анық. Себебі Ресей тарапынан көптеген суды тоқтататын, көп мөлшерде пайдаланатын қондырғылар құрылып, жұмыс жасап жатыр екен. Сондықтан бұл жерде Ресей мен Қазақстан жалпы 5 мемлекет арасында келісімшарттар жасалып, осындай кедергілерді болдырмау керек деп ойлаймын. Оны нақты зерттеу үшін арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстары толыққанды жүргізілуі керек", - дейді эколог Әділбек Қозыбақов.
Мемлекет басшысы 2022 жылы Каспий теңізін ғылыми-зерттеу институтын құруды тапсырған болатын. Су айдынының таяздануын, оның экожүйесін кешенді түрде зерттейтін мекеме Ақтауда орналасады деп жарияланды. Бірақ бұл жобаның нақты қашан жүзеге асатыны белгісіз.
"ҚР Премьер-министрінің орынбасарының тапсырмасымен биылғы жылдың қыркүйек айында Каспий теңізін ғылыми-зерттеу институты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағына берілді. Қаулы жобасымен су ресурстары және ирригация министрлігінен экология министрлігіне мүлікті беру, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтының жарғылық капиталын қалыптастыру қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта қаулы жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісу рәсімін өтіп жатыр", - дейді ҚР ЭТРМ Экологиялық саясат департаментінің бас сарапшысы Рита Орынбасарова.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина