- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кәсіп ашу мақсатында...
Кәсіп ашу мақсатында несие алуға бола ма? ҚМДБ жауабы
Бизнес жасау мақсатында кредит алуға бола ма? ҚМДБ өкілдері бұл сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Шариғатымызда өсімге, яғни несиеге тыйым салынған. Ол үстеме ақшамен беру болғандықтан, кесімді түрде арам болады. Оның арам екені Алланың кітабында, Пайғамбарымыздың сүннетінде де баяндалған әрі барлық ғалым бірауыздан оның арам екеніне келіскен", - делінген жауапта.
ҚМДБ өкілдерінің айтуынша, Құранда "Алла Тағала сауда-саттықты адал, ал өсімді арам етті", - делінген.
"Жәбирден жеткен хадисте Пайғамбарымыз "Өсім жеушіні, жегізушіні, келісімді жазушыны, оған куәгер болғандарды лағынеттеді және "Олардың бәрі күнәда бірдей" деген. Сондықтан мұсылман адам ешқандай зәрулік болмаса, пайызға жоламауы, білместікпен алып қойған жағдайда Аллаға шынайы тәуба етуі керек. Ризық – Алладан. Адам өзінің ризығын іздегеніндей, ризығы да өз иесін іздейді. Ол қай жерде болмасын, оны ажалы іздеп тапқанындай, ризық оны іздеп табады. Жәбир ибн Абдулладан жеткен хадисте Пайғамбарымыз былай деді: "Уа, Адамдар! Ризықтарыңды талап етуде көркемдік танытыңдар. Өйткені адам оны толық алмай, бұл дүниеден өтпейді. Алладан қорқып, оны талап етуде дұрыс жол іздеңдер. Адал болғанын алып, арам болғанын тастаңдар", - делінген жауапта.
Қорыта айтқанда, Құранда, хадисте айтылғандай, кредит алу күнә іске жатады. Адам дүниеге келмей жатып анасының ішінде болғанда оның ризық, несібесі жазылады. Сондықтан тағдырына жазылған ризықты іздеуде мұсылман адам шариғатқа сай, адал жолды іздеуі керек.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек