“Қасқыр сияқты, түрлері қорқынышты“. Ақтөбе облысында қаңғыбас иттер өрістегі малды қырып кетті

“Қасқыр сияқты, түрлері қорқынышты“. Ақтөбе облысында қаңғыбас иттер өрістегі малды қырып кетті
Фото: Massaget.kz

Ақтөбе облысы Никельтау ауылында иесіз иттер далада жайылып жүрген малға шабуыл жасады.

Massaget.kz редакциясына ауыл тұрғыны Альфия Нұрманова хабарласты. Оның айтуынша, жексенбі күні ауыл сыртында жайылып жүрген малына қаңғыбас иттер шабуыл жасаған. Жайылып жүрген малдың ішінен екі ешкіні өлтіріп, үшеуін талап тастаған. Абырой болғанда, мал иесі жетіп үлгеріпті.   

"Азын-аулақ малымыз ауылдың сыртына жайылады. Малдарға GPS орнатып қойған едік. Телефоннан бақылап отырамыз. Түскі 1-дің шамасында қойлар дүрліге бастады. Дереу машинамен жеттік. Иттер көлікке секіріп, өзімізге шабуыл жасады. Бірі өлген малды жеп жатыр. Қасқыр сияқты, түрлері қорқынышты. Қазір малды қорада қамап отырмыз, сыртқа жіберуге қорқамыз", - деді Альфия Нұрманова.

Тұрғынның айтуынша, кейінгі кезде ауылда қаңғыбас иттер көбейіп кеткен. Олар әсіресе балаларға алаңдап отыратынын айтады.

"Ата-аналар балаларын мектепке өзін жібере алмайды. Бала түгілі ересек адамға үріп, атылады. Шыны керек, көшеде еркін жүре алмаймыз. Аулаға дейін кіріп кетеді", - дейді тұрғын.

Ал Никельтау ауылының әкімі Алдаберген Ізбас қаңғыбас иттердің ауланып жатқанын айтты.

"Аудандық ветеринар бөлімі келіп, аулап кетеді. Биылдың өзінде үш рет ауланды. Жасыратыны жоқ, көрші ауылдан келеді, күшіктерін әкеліп тастайды. Кешегі жағдайдан кейін, ветеринар бөлімінен мамандар тағы келетін болды. Кеше тұрғындармен бірге ауылды араладық, бірақ иттерді таппадық. Теміржолдың ар жағына кетіп қалған", - деді ауыл әкімі.

Ауыл әкімі бұралқы иттердің малға шабуыл жасауы бірінші рет деп отыр.

Кәмшат Қопаева

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz