Алматы облысында полиция соттан қашқан іздеудегі қылмыскерді ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы облысы Полиция департаментінің жедел қызметкерлері Ақши ауылында 1 сәуірде Қарасай ауданаралық мамандандырылған қылмыстық соты аумағынан қашып кеткен күдіктіні ұстады.
"Іздестіру шаралары басталған сәттен облыстың полициясы және Ұлттық ұлан күштері толық жұмылдырылды. Көршілес облыстардың аумақтық бөлімшелері де іздеу жұмыстарына тартылды. Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қашқынның қозғалу бағыты анықталып, полицейлер оның жасырынған жерін тапты. Арнайы бөлім сарбаздарының күшімен күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп жазылған хабарламада.
Негізгі қылмысынан бөлек, оған қамаудан қашқаны үшін Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша қосымша айып тағылды.
Еске салайық, бұған дейін 1 сәуірде Қаскелеңде кісі зорлады деген күдікті сот аумағынан қашып кеткені хабарланды.
Алматы облысы Полиция департаменті мәліметінше, сотқа дейін қамауға алынған адам қашып кетуіне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар, болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында қызметтік тексеріс тағайындалған.
Әлеуметтік желілерде облыста "Сирена" арнайы жоспары енгізілгені, патрульдер күшейтіліп, блокбекеттер орнатылғаны туралы ақпарат тарады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова