- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қашанға дейін бізді...
"Қашанға дейін бізді тонайды?" Ақтөбеде фермерлер митингіге шықты
Ақтөбелік шаруалар бейбіт митингіге шықты. Қалалық мәдениет үйіне жиналған 200-ге жуық фермер ауыл шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелерді айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Рұқсат етілген митингіге жиналған шаруалар субсидиялау, несие, техника сатып алу, суармалы жерлерді игеру кезінде түрлі қиындықтарға тап болатынын айтады. Оның үстіне биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты кейбір фермерлер егінді толық жинап үлгермей қалған.
Ақтөбе фермерлер орталығы қауымдастығының төрағасы Марлен Баймағамбетов
"Бұл жыл ауыр болды. Дала шөбі аз шықты. Шыққан шөп сапасыз болды. Қазіргі таңда ет комбинаттары жұмыс істемей, өнімді өткізе алмай отырмыз. Мемлекет өз тарапынан пайыздық мөлшерлеменің субсидиясын төлемей жатыр. Қазір облыстағы шаруаларға мемлекет 800 миллиондай қарыз. Соның кесірінен өсім төлеп отырмыз. Біздер өзімізде артық ақша жоқ. Төлей алмай отырмыз. "Аграрлық несие корпорация" басшылығы бізге қолдау көрсетеміз деді, бірақ ол қағаз жүзінде болды. Қазір бізге өсімпұл жүріп жатыр. Жағдайымыз қиындап тұр. Сондықтан біз еріккенен келіп отырған жоқпыз", - деді Ақтөбе фермерлер орталығы қауымдастығының төрағасы Марлен Баймағамбетов.
Сондай-ақ қазір шаруалар несиеге белшемізден батып отырмыз дейді. Себебі екінші деңгейлі банктен алатын несиенің машақаты көп. Фермерлердің сөзінше, мәселені шешудің жолы — "Аграрлық банк" ашу. Бұл мәселені шаруалар бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқанын да айтты.
2023 жыл шаруаларға оңайға соқпаған. Ауа райының қолайсыздығынан кейбір қожалықтар егіннің жартысын жинап үлгермеген. Мәселен, "Әлішер-К" шаруа қожалығының басшысы Нұртай Ноғаев 700 гектар жерінің 600 гектарын ғана жинап алған. Ал жаңа техника сатып алуға қалтам көтермейді дейді.
"Техникалар қазір қымбаттап кетті. Шетелден келетін тракторлерге шектеу бар. Қазір Түркияда, Иранда қолжетімді бағада техникалар бар. Соларды алуға мүмкіндік жасалса дейміз. Сонымен бірге дилердің санын көбейту керек. Бізде әрбір техникада бір-бір дилерлер отырып алған. Олар өздерінің ойына келгенін істейді. Субсидияның пайыздық мөлшерін көтерсе, олар бағаны көтеріп жібереді. Қазіргі таңда Қазақстанда жасалған техникалардың отыз пайыздан бастап субсидиялаймыз деп жатыр. Ал Қазақстанда қандай техника шығады? Бізде құрастырады, яғни дайын затты доңғалағын киігізіп, шамын салып, "Қазақстанда жасалған" дейді. Ертеңгі күн Қазақстанда бөлшектері шығарылмағандықтан шетелге тәуелдіміз", - Нұртай Ноғаев.
"Қарызға белшеден баттық" деген шаруа қожалықтың иелері жыл сайын шарықтайтын жанар-жағармайдың бағасына да наразы. Сондай-ақ егін науқанында жиналған дәнді-дақылдарды да өткізетін жер таба алмай қиналып отырғанын айтты.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі митингіде көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын, жауапты министрлікке жеткізілетінін айтты. Оның ішінде субсидия мәселесінің шешімін тауып жатқанын жеткізді.
"Бұл митингінің болатынын біліп отырмыз. Фермерлермен бұл тақырыпта кездестік. Біз өз позициямызды оларға жеткіздік. Былтыр мал шаруашылығына 15 миллиардтан астам қаржы бөлінген. Биыл жыл басында бізде мал шаруашлығы үшін 6 миллиард теңге бөлінді. Мал азығына ақша қарастырылмады, бірақ жаңа облыс әкімінің келуіне байланысты. Ол кісі бюлджеттен 2 миллиард 900 миллиондай ақша тауып, мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына бөлуді ұйғарды", - деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратов.
Кәмшат Қопаева
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан