Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Үкімет сағатында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовті сынап тастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың сөзінше, өңірлерге су жетпейді, қажеттілікті жабу үшін шетелден су сатып алып отырмыз.
"Сіздің есебіңізде Қазақстандағы су мәселесінің жағдайы өте жақсы, жайма шуақ, бірақ өмірде олай емес қой. Қазір Қазақстанның қай аймағы болса да, шығыс, батыс, оңтүстік - қай жағында да су жетіспеушілігі бар. Мен сізге бір-ақ мысал келтірейін. Мысал үшін Батыс Қазақстан облысында Казталов ауданында суды Ресейден алып отыр. ҚазСушар жылына 5 млрд теңге беріп, Ресейден су алады. Бірақ сол су келеді де, Жалпақталдан өтіп, әрі қарай құмға сіңіп кетеді. Сонда жылына бюджеттің 5 млрд теңгесін құмға сіңгізіп отырмыз. Жалпақталда су қоймасын салу жобасы осыдан он жыл бұрын басталған, әлі аяқталған жоқ. Осы мәселені қашан шешесіздер? Біз қашанға дейін бюджеттің ақшасын құмға сіңгізіп отырамыз?" - деп сұрады Саиров.
Ерлан Саировтың пікірінше, министрлік әлі күнге дейін суды үнемдеу механизмін ретке келтіре алмай отыр.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов БҚО-да екі су қоймасы салынатынын айтты.
"Ертең екі су қоймасын соғамыз. Сыйымдылығы - 50-60 млн текше метр. Ал біз жылына Ресейден 350 млн текше метр алып жатырмыз. Бұл жалғасын табады. Себебі сол жерде отырған елді сумен қамтамасыз етуіміз керек. Су жерге кеткенімен Батыс Қазақстанның жеріне кетіп жатыр, жалпы экологияға бәрібір әсерін береді. Сондықтан бекер қаражат бөліп отырмыз деп айта алмаймыз", - деді Нұржігітов.
Айта кетейік, "Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру аясында су шаруашылығы саласын реформалау бойынша қабылданып жатқан шаралар" тақырыбындағы Үкімет сағатында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндама жасады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!