Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Үкімет сағатында ішкі істер министрі Ержан Саденовке жоғалған телефондар туралы сауал жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
Депутаттың сөзінше, бұған дейін министрдің орынбасарлары бұл сауалға мардымды жауап бермеген.
"Қайталауға мәжбүрмін. "1,5 млн камерамыз бар. 58 пайыз қылмыс ашылып жатыр" дедіңіз. Қарапайым сұрақ: жоғалған, ұрланған смартфондар неге табылмайды? Сіздің орынбасарларыңыз, Лепеха мырза болсын, "смартфондарды шашып тастайды да, Қырғызстанға алып кетеді, біз таба алмаймыз" дейді. Учаскелік полицей несіне учаскелік полицей?!" - деді ол.
Самат Нұртаза өзінің арызы бір жарым жылдан бері Есіл аудандық полиция басқармасында жатқанын айтты.
"Жарайды, мені қойшы. Қарапайым халық смартфонын жоғалтып алады. ...Бүкіл өміріміз смартфонмен байланысты ғой. Қарапайым смартфонды таба алмай жатқанда ауқымды нәрсені айтқан қызық көрінеді. Смартфонды қашан табамыз?" - деді ол.
Министрдің жауабы
Ішкі істер министрі Ержан Саденов, шынында да, телефондар табылмай жатқанын мойындады.
"Мұндай мәселе бар. Әрине, кемшіліктер де бар. Жалпы жұмыс істеліп жатыр. Күнделікті сынды ескереміз. Әр қылмысты ашқанда тергеуші себебін, негізін зерттейді. Содан кейін басқа қызметтерге береді. Мына жерде аша алмай жүрген әріптестеріміз - Лепеха отыр, Әділов отыр. Жалпы өте маңызды сұрақ, дұрыс айтасыз... Қараймыз, табамыз", - деп сендірді ІІМ басшысы.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс депутаттары Ішкі істер министрлігінде Үкімет сағатын өткізіп жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова