- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қашаған операторларына газ...
Қашаған операторларына газ өңдеу үшін жаңа зауыттардың құрылысын жеделдету тапсырылды
Премьер-министр Әлихан Смайылов North Caspian Operating Company N.V. басқарушы директоры Оливье Лазардың қатысуымен Қашаған консорциумына акционер компаниялардың басшыларымен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кездесуде Консорциум қызметіндегі өзекті мәселелер, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және республиканың табиғатты қорғау заңнамасының сақталуы талқыланды.
Үкімет басшысы елімізді мұнай-газ ресурстарымен қамтамасыз етуде Қашағанның ролі маңызды екенін атап өтті. Бұл тек өндіру операцияларына ғана емес, сонымен бірге көмірсутек шикізатын кешенді өңдеуге де қатысты.
Осыған байланысты Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде газ өңдеу қуатын арттыру үшін жаңа зауыттардың құрылысын тездету қажеті айтылды.
Бұдан бөлек, премьер-министрдің айтуынша, Консорциумның негізгі міндеті экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, кен орындарын толық игеру мәселелері болуға тиіс.
"Біз Консорциумның мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз", - деді Әлихан Смайылов.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын барлық мәселелерді ҚР заңнамасында бекітілген құқықтар мен міндеттерді сақтай отырып, сындарлы жолмен шешуге дайын екендіктерін білдірді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек