“Кәсіби кадр тапшы, бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы“. Тоқаев туризм саласын сынады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президенттің пікірінше, бұл салада біраз түйткілді мәселе бар.

"Шынын айту керек, кәсіби кадрлар тапшы. Осы саладағы бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы. Мен шілдеде туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды. Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады. Ал шетелден туристер тарту мәселесі және отандық туризм саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз ету орталық органдардың назарында болады", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы орайда Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі, тау шаңғысы туризміне арнайы тоқталды.

"Қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болмақ", - деді Президент.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз