Сингапурда кәріз суынан сыра жасала бастады. Қайта өңделген судан жасалған NEWBrew алкоголь сусыны ел дүкендерінде сатыла бастаған, - деп хабарлайды Lenta.ru.
Bloomberg мәліметінше, бұл сыра Brewerkz сыра қайнату зауытында қалдықтардан дайындалады. Ал компания Сингапур Ұлттық су агенттігімен (PUB) бірлескен.
Тазарту қондырғыларындағы су ультракүлгін сәуле көмегімен тазартылады. Зиян бөлшектерді жою үшін арнайы мембраналар арқылы өткізіледі.
PUB мамандарының сөзінше, мұндай судан өндірілген сыра сингапурлықтарды ресурстарды ұтымды пайдалануға үйретіп, қайта пайдаланудың маңызын ұқтырады. Ал сарапшылардың пікірінше, кәріз суын кәдеге жарату идеясы кейінгі онжылдықта әлемде тұщы су жетіспеуіне байланысты танымал бола бастаған. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) бағалауы бойынша, әлемде 2,7 миллиард адам жылына кемінде бір ай су тапшылығын сезінеді екен.
Израиль және Сингапур сияқты кейбір дамыған елдер қайта өңдеу процесін өздерінің сумен жабдықтау жүйелеріне енгізген. Алайда технологияны кеңінен қолдануға сұйықтықтың осы түрінің қауіпсіздігі мен дәмі туралы қоғамдық стереотип кедергі келтіреді екен. Дегенмен, Brewerkz бас сыра қайнатушысы Митч Грибов олар қолданатын судың бейтарап дәмі барын және ол сусын жасау үшін өте қолайлы екенін айтады. Басылым мәліметінше, NEWBrew-ті байқап көргендер оның дәстүрлі сусыннан ешқандай айырмашылығы жоғын айтқан.