Кәріз суы ауыз сумен араласып кеткен. Маңғыстауда Атамекен ауылының тұрғындары кәріз суын ішіп, батпақтың ортасында отыр. Себебі, елді-мекенде жер асты суы игерілмей жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұнайлы ауданы Атамекен селолық округінің "Көктем" шағын ауданында жер асты суы мәселесі бұдан 9 жыл бұрын басталған. Сол кезде жергілікті әкімдік дренаждық жүйе немесе кәріз жүйесін орнатуға деп уәде берген. Алайда нәтиже жоқ.
Шағын ауданда 400 ден астам тұрғын үй бар. Олардың барлығы да жер асты суынан зардап шегіп отыр. Ауылда жаңбыр жауса, жер асты суы көтеріліп, кәріз құдықтары тасиды. Лас су үйлердің аулаларына, көшелерге дейін жайылған. Тіпті, құдықтардағы ауыз суға да араласып кеткен.
"Үйімді жауып, тастап кеттім. Іргелері ылғалданып, түсіп жатыр. Еденнің асты толған су. Көтеріліп, су шығып жатыр. Мұнда тұру мүмкін емес. Үйді тастап қазір қалада әр жерде квартирада жүрмін",-дейді "Көктем" шағын ауданының тұрғыны Ниязбай Отырбаев.
Кілкілдеген судың үстінде өмір сүру мүмкін болмағасын кейбір тұрғындар пәтер жалдап кеткен. Ал жағдайлары келмегендер амал жоқ, жалғыз баспаналарында тұрып жатыр.
"2016 жылдан бері бізге әкім уәде береді. 2019 жылы дренаж системасына бюджеттан ақша бөлініп тұр деп еді. Ертеде дренаждық жүйе болған. Бірақ белгісіз бір себептерден ол жерлер көміліп, жекеге беріліп кеткен", - дейді "Көктем" шағын ауданының тұрғыны Тоқтагүл Өтемұратова.
Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрхан Мұстафаевтың айтуынша, 2016-жылы дренаждық жүйе жобасы әзірленген. Алайда, қаржы бөлінбей, жүзеге аспай қалған. Ал қазір Атамекен селолық округінде 8 дренаждық жүйе жұмыс істейді. Алайда, жаңбыр көп жауғанда, олардың да күші жетпейді. Сондықтан ауылға кәріз құбырын жүргізу жоспарланған.
"Канализация дренажымен бірге деген үлкен жобалық – сметалық құжаттамаға өткен жылы қаражат бөлініп, қазіргі таңда жоба толықтай аяқталды. Мемлекеттік сарапатамаға тапсырдық. Бұйырса осы шілде айына дейін мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысын алсақ, біз құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюжеттік өтінім береміз",-дейді аудан әкімінің орынбасары.
Ал, оған дейін жергілікті әкімдік тұрғындарға суды сору жұмыстарына көмектесуге уәде берді. Сондай-ақ, жер асты суының қайдан шығып жатқаны, оның көлемін анықтау үшін техникалық зерттеу жұмыстары жүргізілмек.
Сая Мәжитқызы
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз