"Кәріз құдығының түбінен табылған". СҚО-да төрт жұмысшының өліміне қатысты тергеу басталды

СҚО-дағы шошқа өсіру кешенінде төрт жұмысшының қаза болуына қатысты дерек тіркелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"1 тамыз сағат 23:25-те СҚО Тайынша ауданының полиция бөліміне Новоивановка ауылында орналасқан шошқа өсіру кешеніндегі жұмыс орнынан ауысым аяқталған соң төрт жұмысшы шықпағаны туралы хабарлама келіп түсті. Іздестіру шаралары барысында олардың денелері осы кешендегі кәріз құдығының түбінен табылды", - делінген хабарламада.

Алдын ала мәлімет бойынша, 1966, 1991, 1995 және 2000 жылдары туған жұмысшылар кәріз құдығын тазалау кезінде иістен уланған.

"Олардың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Аталған факт ҚР ҚК 156-бабының 4-бөлігі "Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу" бойынша Соталды тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптамалар тағайындалды. Істің барлық мән-жайын зерделеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін СҚО-да Новоивановка ауылындағы шошқа өсіру кешенінде төрт жұмысшының қаза болғаны хабарланған болатын. Ауысым аяқталғаннан кейін ЖШС-нің төрт жұмысшысы мал бордақылау алаңынан шықпаған. 8 метр тереңдіктегі кәріз қоймасын тазалау кезінде төртеуі де қаза тапқаны анықталды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз