- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Кәріз құбырының иісі...
"Кәріз құбырының иісі шығады". Саран қаласы тұрғындары ауызсу сапасына наразылық білдірді
Сарандықтар ас-ауқаттарына пайдаланып отырған су кенет лайланып, қолқаны қабатын жағымсыз иіс жайлағанын айтып, әлеуметтік желілерге жарыса жазып жатыр. Қаладағы өзге аудандарда да дәл осындай жағдай байқалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Су өте лас, сарғыш түсті, кәріз құбырларының иісі шығады. Тұрмысқа пайдалану мүмкін емес. Денсаулығымыз үшін алаңдаймыз. Онсыз да коммуналдық қызметке арзан төлемейміз. 2 бөлмелі пәтерге айына 30 мың теңге келеді. Азық-түлік аламын ба, коммуналдық қызмет ақысын төлеймін бе?! Тариф тым қымбат. Бірақ соған сай сапа көріп тұрғаным жоқ", - дейді Саран қаласының тұрғыны Айнұр Қожабекова.
Тіршілік көзінен әбден тарыққан Саран халқы мәселе жылдар бойы шешімін таппай келе жатқанын жеткізді. Әсіресе, жылы мезгілдерде жағдай күрделене түседі екен. Су құбырлары жүйесінде қысым азайып, жоғары қабаттағыларға жетпей де қалады. Тұрғындар түн ұйқысын төрт бөліп, қажет заттарын түнде жууға мәжбүр. Мұндай келеңсіздіктен әбден қажыған жұрт енді кір судың әлегіне тап болдық деп ашынып отыр. Лас судың денсаулықтан бөлек, тұрмыстық техникаларды да бүлдіре ме деп алаңдайды. Сол үшін кейбірі жертөледегі құбырды да ауыстырған, бірақ нәтиже болмапты.
Қала халқының суына жауапты "СаранКоммунСервис" мекемесінің басшылығы су қысымында да, құбырларда да ақау жоқ екенін мәлімдеді. Ал кір судың пайда болуы уақытша, кейбір аумақтарда құбыр ауыстырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілген уақытта ғана пайда болады деп сендірді.
"Иә, бұрын желілер сапасы сын көтермейтін, кезең-кезеңімен 3-4 шақырымнан жаңартып отырдық. Іс жүзінде барлық айналма желілер ауыстырылды. Қалаішілік желілер де бітуге жақын, қосу ғана қалды. Жалпы желілердің жағдайы айтарлықтай жаман емес. 60 пайызға тозған, бірақ жасалып жатқан желілерді қоссақ, 50-ге дейін төмендетеміз. Бұл - өте жақсы нәтиже", - дейді "СаранКоммунСервис" компаниясы директорының орынбасары Мадияр Сыздықов.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті апта сайын судан сынама алып отырады.
"Бірақ ешқандай қауіп жоқ, нормативтік шкаладан аспады", - деп мәлімдеді ол.
"СаранКоммунСервис" мекемесі 2020 жылы Саранда тәулігіне 37 рет суды тоқтатса, былтыр және биыл тек 5 мәрте суды тоқтатқан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы