Қарыздан қалай құтылуға болады? Маман оның екі жолын ұсынды

Қаржы маманы Әсел Жарасқалиқызы "Мамский әңгіме" подкастында қаржылық сауаттылықтың негіздерін және қарыздан құтылу жолдарын атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаржылық сауаттылық дегеніміз не?

Маман қаржылық сауатты болу үшін қанша ақша табатыныңыз маңызды емес екенін айтты.

"Қаржылық сауаттылық - әдет және білім. Велосипед тебу, ағылшын тілін білу секілді кез келген азаматтың қаржылық сауаттылығы болуы керек. Қаржылық сауаттылық - кез келген азаматтың бүгінгі ақшаға қатысты қабылдаған шешімдері. Ең маңыздысы - қанша ақша табу емес. Біз қанша ақша табамыз, сонша ақша жұмсаймыз. Қаржылық сауаттылық дегеніміз - ол өзіміздің өмірімізді мақсатты түрде жоспарлай отырып, кез келген нәрсеге, арман-мақсатқа несиесіз немесе ақылды несиені дұрыс қолдана отырып, уақытылы жету", - дейді қаржыгер. 

Неліктен адамдар несие ала береді?

Әсел Жарасқалиқызы көпшілік адам эмоцияға беріліп, несие алып қоя беретінін айтты.

"Қазақтың басты жауы - эмоция мен тәртіптің жоқтығы. Бізде адамдар - маркетингтің құлы. Көпшілік эмоциялық сауда жасайды. Қаржылық жоспардың жоқтығынан қаржылық тәртіп болмайды. Қаржылық сауат тәртіптен, эмоцияны басқарудан, нақты мақсаттан, қаржылық жоспардан, қаржылық қауіпсіздік жастығынан тұрады. Кез келген азамат соның барлығын реттей отырып қана үлкен мүмкіндіктерге жете алады. Бірақ біз эмоцияға берілеміз, қарыздың, несиенің құлы боламыз", - дейді ол.

Қарыздан қалай құтылуға болады?

Маманның айтуынша, бүгінгі таңда тұтынушы несиенің сомасы триллионнан асып кеткен екен. Әсел Жарасқалиқызы қарыздан құтылудың екі жолын ұсынды.

Біріншісі - қарыздан психологиялық тұрғыда құтылу

Мысалы, басыңызда 6-7 несие болса, соның негізгі борышын қарай отырып, сомасы ең аздардан құтылыңыз. Мысалы, 100 мың немесе 200 мың қалған болса, солардан бастаңыз. Осылайша, 7-ші, 6-шы, 5-ші несиені жабу. Несиелерді сатылы түрде жаба отырып, өзіңізге "мен несиені жаба аламын", "мен несиеден құтыла аламын" деген психологиялық тұрғыда өз-өзіңізді жеңе аласыз және күресе аласыз. Бұдан кішкентай жеңістер үлкен нәтижеге әкелетінін түсінесіз. Өзіңізді және басқаны сендіресіз.

Екіншісі - қарыздан қаржылық тұрғыда құтылу

Бұл әдіс бойынша ең қымбат несиеден бастап жабу қажет. Мысалы, басыңызда 5-6 несие болса, оның жартысы бөліп төлеумен алынған болуы мүмкін. Ал ең қымбат несиелерге тұтынушы несиесі кіреді. Осы тұтынушы несиені дұрыс жаба білу маңызды, ол үшін нақты қаржылық жоспар құру керек. Жартылай алдын ала жаба отырып, қымбат қарыздардан құтылуға болады.

Ата-ана балаға қандай қаржылық білім бере алады? Massaget.kz тілшісі қаржылық сауат коучімен сұхбаттасқан болатын.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!