Қарыз үшін шетелге шығармай қоюы мүмкін: сапар алдында нені ескеру керек?

Билет сатып алып, сапарға дайындалған адамның жоспарын өтелмеген қарыз бұзуы мүмкін. Дегенмен несие немесе айыппұлдың болуы Қазақстаннан шығуға автоматты түрде тыйым салынады деген сөз емес. Шектеу заңда белгіленген рәсімдерден кейін ғана қолданылады.

Заң кеңесшісі Эльмира Девришеваның Tengri Travel-ға берген ақпаратында айта кеткендей, бұл – атқарушылық іс жүргізу аясында қолданылатын мәжбүрлеп орындату шарасы.

Қандай жағдайда шектеу қойылады?

Жалпы тәртіп бойынша, атқарушылық құжаттағы берешек 40 АЕК-ке тең немесе одан көп болса, елден шығуға уақытша шектеу қойылуы мүмкін. 2026 жылы бұл сома 173 мың теңгені құрайды.

Алимент пен өзге де мерзімдік төлемдерге бөлек талап қолданылады: міндеттеме үш айдан астам орындалмаса, шектеу енгізілуі ықтимал.

Алайда қарыздың белгіленген мөлшерге жетуі жеткіліксіз. Атқарушылық іс жүргізу қозғалып, сот орындаушысының тиісті қаулысы шығарылуы, ол сотпен санкциялануы және борышкерге тиісті хабарлама берілуі қажет. 

Қарыздың қандай түрлері ескеріледі?

Атқарушылық өндіріске несие берешегімен қатар мына міндеттемелер де негіз болуы мүмкін:

  • төленбеген әкімшілік айыппұлдар;
  • алимент берешегі;
  • коммуналдық қызметтер үшін қарыз;
  • атқарушылық құжатпен расталған жеке және заңды тұлғалар алдындағы міндеттемелер.

Салық берешегін өндіріп алуда да шектеу тетіктері бар, бірақ оған қатысты арнайы талаптарды бөлек нақтылау қажет.

Маңыздысы – төленбеген шоттың болуы емес, берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу рәсімінің басталғаны және нақты шығуға шектеу қойылғаны.

Тыйымның бар-жоғын қайдан білуге болады?

Шетелге сапар алдында мәліметті eGov.kz, eGov Mobile немесе Әділет министрлігінің атқарушылық іс жүргізу жүйесі арқылы тексеруге болады.

eGov-та шетелге шығуға тыйым салынғанын тексеру қызметін пайдалану қажет. Ресми сервистер арқылы тек қарызды емес, нақты шектеудің бар-жоғын анықтаған дұрыс. 

Адамның борышкерлер тізілімінде тұруы мен Қазақстаннан шығуына тыйым салынуы – екі бөлек мәртебе.

Қарызды төлеген соң бірден ұшуға бола ма?

Шектеу анықталса, алдымен істі жүргізіп жатқан сот орындаушысына хабарласу керек. Одан берешектің нақты мөлшерін және шектеуді алып тастау тәртібін білу қажет.

Қарыз өтелгеннен кейін сот орындаушысының тыйымды жою туралы қаулы шығарғанына және ақпараттың тиісті жүйелерде жаңартылғанына көз жеткізген жөн.

Әуежайда қарызды төлеп, бірден паспорттық бақылаудан өте аламын деп есептеуге болмайды. Сондықтан берешек пен шектеуді билет алар алдында немесе сапарға бірнеше күн қалғанда тексерген дұрыс.