Құрылтай депутаты Алмас Мұхаметов Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке депутаттық сауал жолдап, азаматтардың банк шотына шектеу қою талаптарын өзгертуге қатысты ұсыныс жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың пікірінше, азаматтардың банк шоттарына қойылатын шектеу - өте өзекті мәселенің бірі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегі бойынша 90 күннен аса төленбеген кредит көлемі 1,8 триллион теңгеге жеткен.
Ал Әділет министрлігі мәліметінше, атқарушылық іс жүргізу кезінде 1,5 миллионнан аса адамның банк шотына тыйым салынған.
"Әрине, азамат алған қарызын қайтаруы керек. Бірақ қазір төлемнің көбі цифрлық түрде жасалатынын ескерсек, шотына шектеу қойылған адам бұдан кейін қалай өмір сүреді? Жол ақысын, байланыс, су, жарық, жылу ақысын қалай төлейді? Азық-түлік, дәрі-дәрмекті қалай сатып алады? Аяқ-қолын матап тастап, адамнан жүгіруді қалай талап етеміз?! Тапқан табысы қолына тимейтін адамның еңбекке ынтасы жоғалады. Қарызды тұрақты табысы бар азамат қана өтей алады. Бұл - дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат", - деді ол.
Депутаттың айтуынша, "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңда борышкер шотындағы кірістің кемінде 50 пайызы және өмір сүруге керек ең аз ақша сақталуға тиіс деген талап бар.
"Бірақ ол қағаз жүзінде ғана. Іс жүзінде шотқа шектеу қойылғанда адамның өзінде қалуға тиіс ақшаны пайдалану мүмкіндігі де шектеледі. Заң нормаларының осы талаптары банк және микроқаржы ұйымдарының келісімшарттарында да анық жазылуы керек", - деді ол.
Алмас Мұхаметов банк шотына шектеу қойылған кезде адамның негізгі керегіне жұмсайтын ақшасын пайдалану тәртібін нақты белгілеуді ұсынды.
"Қарыз қайтарылуы керек. Бірақ қарыз үшін адамды қалыпты өмір сүру мүмкіндігінен толық айыруға болмайды. Біздің ұсынысымыз азаматты қарыздан босатуға емес, қарыз өндірілген кезде оның өміріне керек ақшасын сақтауға бағытталған", - деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова