Нұржан Өркешбаев - Қазақстандағы прогерияға шалдыққан жалғыз адам. Жастайынан қартайып, айықпас дертке шалдыққан Нұржан қазір Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Мұқыр ауылында тұрып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Айқын" сайтына сілтеме жасап.
"Қалада шағын үйім бар. Бірақ ауылды жақсы көремін. Ауылдың ауасы таза әрі даласы кең. Қаладағыдай күні-түні тынбайтын шу жоқ. Әкеміз мал баққан кісі. Бүгінде марқұм болған әкемнің ізін жалғастырып отырған жайым бар. Оның үстіне, мал мінсек - көлік, сойсақ - соғым, сатсақ - табыс. Екі інім мен қарындасым бар. Қолымдағы інім отбасылы. Келінім - анамның көмекшісі. Олардан өрген кішкентайларды иығыма мінгізіп, қызықтап жүремін. Кіші інім студент. Бауырларымның барлығы да өзімнің қамқорлығымда", - дейді Нұржан.
Азын-аулақ қой-ешкі, одан қалды сиыр ұстап, шағын шаруашылықты жүргізіп отырған Нұржан мотоциклді де, көлікті де жүргізеді. Арасында спортпен шұғылданады. Көп уақытын мал қараумен өткізеді.
Алыс ауылда қоңырқай тірлік кешіп жатқан Нұржан өз өміріне риза, ешқандай өкініші жоқ екенін айтты.
"Мен өзімді осындай ерекше күйімде қабылдадым. Дәл осы күйімде бақыттымын. Тек әкемнің өмірден өтіп кеткені қынжылтады. Қазіргі мақсатым – анамның барлық жағдайын жасау. Сол кісі мені, балаларын уайымдамаса деймін. Отбасындағы барлық шаруаға үйдің үлкені ретінде араласып, мүмкіндігіме қарай мәселелерді шешіп отыруға тырысып жүрген жайым бар", – дейді Нұржан.
Бір қызығы, Нұржан мал шаруашылығымен бірге өнерді де қоса алып жүр.
"Тойларда ән айтатыным бар. Сұраныс көп түсіп жатады. Аптаның екі күнінде міндетті түрде тойда өнер көрсетемін. Бірде Атырау, Ақтау, енді бірде Ақтөбе жаққа тойға шығамын. Бастапқыда адамдардың маған тесіле қарағанынан қысылатынмын. Қазір үйреніп кеттім. Әр адам әртүрлі реакциямен қарап жатады. Мен оларды түсінемін. Сондықтан басқаларға ерекше бір назар аударып, өзімді бөлектеуге тырыспаймын. Тойға жұмыс деп қараймын. Барамын, әнімді айтамын, әрі қарай өз шаруаммен кетемін", – дейді Нұржан.
Қазақстанға ғана емес, әлемге ерте қартайған адам ретінде танылған Нұржан өзін емдеуге шетелдерден ұсыныс болмағанын айтты.
Тек Алматыға барып, үш мәрте пластикалық ота жасатқан екен.
"Маған сәтті операция жасаған хирург Болат Байыровқа алғысым шексіз. Бірақ отаның жоспар бойынша жасалуы тиіс төртінші кезеңіне бармай қалдым. Тіпті, "Қайнармұнайгаз" компаниясы барлық шығынды өтеуге дайын тұрған еді. Өзім аса мойындай қоймасам да, отаның үшінші кезеңінен ауырлау шықтым. Соған қорқып, алаңдаған анам пластикалық отаның төртінші кезеңіне баруыма қарсы болды. Қазір шүкір етемін, денсаулық жағдайым жақсы. Аса бір ауыр сырқаттанып жатып қалған кездерім болған жоқ. Тіпті, коронавирусқа қарсы вакцинаны да алдым.
Арасында тұмау-сүзек болып жатсам, үйден емделемін. Анамның аялы алақаны, бар ықыласымен құйып берген сүтті шайы маған дәру болып жатқан сияқты", – дейді Нұржан.
Осыдан біраз уақыт бұрын отау құрған Нұржанның жұбайымен дәм-тұзы жараспаған.
"Ажырасып кеткенімізге біраз болды. Бірақ үмітім бар. Менімен өмірімнің соңына дейін бірге болатын адамды кездестіретініме сенемін", - дейді Нұржан.
Нұржан Өркешбаев туралы 2000-жылдары алғаш айтыла бастады. Ол кезде Нұржан небәрі 10 жаста болатын. Нұржан туралы БАҚ кеңінен жаза бастағаннан кейін ерте қартайған бала Ресей, Германия елдерінің бірқатар клиникасына барған. Бірақ әйгілі клиникалар Нұржанның ДНҚ сараптамаларын тексергеннен басқа ем көрсете алмады. Кейін Жапонияның профессорлары Нұржанға зерттеу жүргізді. Десе де, Нұржанды түбегейлі емдеп жазуда қазір әлем медицинасы әлсіз болып отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!