Астанада қарт анасын қорлаған астаналық тұрғын қамауға алынды. 81 жастағы тұрғынның айтуынша, оның 55 жастағы ұлы үйде жанжал шығарып, оны қорлаған және кемсіткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Астаналық тұрғын үйге мас күйінде келіп, үйде жанжал шығарып, анасына қатысты балағат сөздер айтып, оның ар-намысын қорлап, сол арқылы психологиялық зорлық-зомбылық көрсете бастағаны анықталды.
Аталған дерек бойынша Сарыарқа ауданы полиция бөлімі учаскелік инспекторы Ернар Әбдірашев құқық бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен ер адам 7 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!