- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қаршыға салып, құс...
Қаршыға салып, құс ілген Бақдәулет бүркіт баптап жүр
Құсбегілікті жетік меңгерген меркілік жас бүркітші Бақдәулет Бабажан бұл өнер түп нағашысынан келгенін айтады. Бақдәулет Жамбыл облысы Меркі ауданы Мыңқазан ауылында тұрады. Бүгінде ұлттық болмысты, қазақ халқының рухани құндылықтарын, соның ішінде ұлттық спортты дамытуға жан-жақты көңіл бөлініп, мемлекет тарапынан да түрлі байқаулар ұйымдастырылып жүр. Бақдәулеттің осындай жарыстардың бірінде жұлдызы жанған. Ол жақында ұлттық спорт саласындағы үздіктерді анықтаған "Алтын тұғыр" дәстүрлі марапаттауында "Үздік құсбегі" аталымының "Бүркіт" атты бөлімі бойынша көш бастаған. Ал былтыр "Алтын тұғыр-2022" сыйлығының иегері атанды. Massaget.kz тілшісі бекзат өнерді дәріптеген жас бүркітшімен тілдесті.
Бабажановтардың ауыл маңында ірі шаруа қожалығы бар. Үйі де ауыл сыртында, бұл құс ұшырып, қыран баптауға ыңғайлы жерде.
"Құсбегілік өнер әкем Жалғасқа нағашыларынан дарыған. Бұрын тек саятшылық құрып, қыста аң шалғанда ғана болмаса, бүркіт баптауды кәсіп санамайтын. Атакәсіпті 2009 жылдан бастап шындап қолға алды. Сөйтіп, бізге де құс салуды үйретті", - дейді жас бүркітші.
Мамандардың айтуынша, қыранды баптау қиын іс екен. Бастысы құс баптаған адам барлық жағынан таза болуы керек. Жанының тазалығы бір бөлек, арақ-шарап ішіп, темекі шеккен адамға бүркіт те жолай қоймайтын көрінеді.
"Бүркітімнің аты - Қапсалған. Бала күннен баптап, бірге өсіп келе жатырмыз. Қазір 8 жаста. Үйде 4 бүркіт, 2 қаршыға, 1 ителгі бар. Бүркітті бағу өте қиын. Жарысқа қосқан кезде жолда бүркітті тек қолда ұстап отырамыз. Пойызға мінгенде жанымызда отырады. Ашуына тиіп қойсақ, жарысқа барғанда ұшпай қояды. Құстың ашуы қатты болады. Оны ұрса, құс кек сақтап қалып, ол адамның қолынан екінші рет ұшпайды. Әр құстың бабын иесі ғана біледі", - дейді жас құсбегі.
Бақдәулет құс салудан жарысқа ең алғаш Алматы облысында өткен "Сонар - 2011" құсбегілік турниріне өзі баулыған қаршығасымен қатысыпты. Бұл жарыста әкесінің "Қоңыр дауыл" деген бүркіті жүлдеге ілінбей қалып, ұлы қаршығасымен ІІІ орынға ие болады. Осыдан кейін Бақдәулет құсбегіліктен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында 3 жыл қатарынан бүркіт ұшырудан жеңіске жеткен.
"Бала кезімде бүркітті көтеріп жүре алмайтын болған соң, қаршыға ұшырдым. Қазір енді бүркітке ауыстым. Біздің үйде ұлдардың бәрі құсбегі болып кеттік. Менен кейінгі екі інім де осы іспен айналысады", - деп әңгіме өрбітті Бақдәулет.
Бақдәулеттің екі інісі Серікболсын мен Берікболсын да осал емес. Олар да ит жүгіртіп, құс салған кәсіби құсбегілер. Берікболсын - "Қанжар" атты қаршығасымен, ителгі құстарымен жарыстарда топ жарып жүрген спортшы. Лақап аты - "Қара маржан". Ол тіпті қаршыға салудан Азия чемпионы атаныпты. "Алтын тұғыр" жүлдесінің екі дүркін иегері.
Серікболсын - құсбегіліктен тұңғыш әлем чемпионы, "Жамбы ату" ұлттық спорт түрінен спорт шебері. Былтыр Абай облысының Үржар ауданында құсбегіліктен өткен әлем чемпионатына әлемнің жеті елі - Моңғолия, Қырғызстан, Түркия, Ресей, Украина, Қытайдан елінен 100-ден аса спортшы қатысқан жарыста "Жанқияр" атты бүркітімен жеңіске жетіпті.
"Бұл чемпионатқа 61 бүркіт, 20 қаршыға, 15 ителгі қатысты. Інім Серікболсынның жолы болды. Жарысқа Жанқиярдың бабын келістіріп, баулып апарды", - дейді бүркітші.
Бүркітшілер жарысының қалай өтетінін көпшілік біле бермесі анық. Қатысушылардың сөзіне сүйенсек, жарыс негізгі үш кезеңнен тұрады.
Бірінші кезеңде 500 метр жерден бүркітті қолға шақырады. Екіншісінде еркін ұшырады. Көкке көтерілген қыран, айналаны бір шолып өткен соң, иесінің қолына қай қонуы тиіс. Ал үшіншісінде шырғаға салады. Жарысты ұйымдастырушылар түлкінің терісінің ішін толтырып, атпен сүйреуі керек. Сол кезде томағасын сыпырған бүркіт басқалардан бұрын жемтік алуы керек.
Ардақ Сырымбет
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы