Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің Астанадағы үйі әлеуметтік қажеттілікке байланысты сатылмайтын болды. Бұл туралы Қайтарылған активтерді басқару компаниясы мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәліметке сүйенсек, Астанадағы үй қаланың әлеуметтік қажеттілігі үшін сатылымнан алынған.
"2025 жылғы 18 сәуірде "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" ЖШС мемлекеттік мүлік тізілімінің веб порталына Астана қаласы Нұра ауданы Қараөткел шағынауданы Ерейментау көшесі, 1-үй мекенжайында орналасқан, жертөлесі бар тұрғын үйді электрон сауда арқылы сату туралы хабарлама жариялады. Нысанның бастапқы бағасы 1 685 115 000 теңге болды. Алайда басқарушы компания атына Астана әкімдігінен бұл жылжымайтын мүлікті қаланың әлеуметтік қажеттілігіне беру туралы ресми сұраныс түсті. Әлеуметтік маңызын және заңнама талаптарын ескере отырып, бұл нысан электрон сауда жоспарынан алынды", - деп жазылған хабарламада.
Нысанды әрі қарай пайдалану мәселесі жергілікті атқарушы органның мүдделерін ескере отырып, белгіленген тәртіппен шешілмек.
Еске салайық, бұған дейін Астанада ішкі, сыртқы көрінісі ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке тиесілі үйге ұқсайтын мүлік сатылымға шығарылғаны хабарланды.
Мәсімовке қатысты іс
2023 жылы 24 сәуірде Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарған болатын.
Сот істі "Аса құпия" деген белгімен қарады. Кәрім Мәсімов ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жыл бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет ете алмайды және мүлкі тәркіленеді.
Кәрім Мәсімов бұған қоса генерал шені мен мемлекеттік наградаларынан айырылды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова