- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қарқынды қымбатшылық: шикізат...
Қарқынды қымбатшылық: шикізат пен дайын өнім бағасы тез өсіп жатыр - Ұлттық банк
Қазақстанда дайын өнім мен шикізат бағаларының өсу қарқыны 2024 жылдың II тоқсанында күшейе түсті. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің ақша-несие саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұлттық банк сарапшылары мұндай қорытындыға жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде келіп отыр. Оған 3401 кәсіпорын қатысқан.
"Кәсіпорындардың өнімдеріне баға өсімі жеделдеді, бағалардың жалпы өзгеру динамикасын көрсететін диффузиялық индекс (ДИ) 57,8-ге жетті, ал I тоқсанда бұл көрсеткіш 57,2 деңгейінде болған", – деп атап өтті Оразалин.
Бағаның өсуіне қарамастан, өнімдерге деген сұраныс түскен жоқ. "Кәсіпорындардың дайын өнімдеріне сұраныс өсу аймағында сақталды, ДИ 51,1", – деп қосты ол.
Есесіне кәсіпорындардың сатудан түскен пайдасы артқан. Ұлттық банктің мәліметінше, сату рентабельділігі (пайыздар, салықтар мен амортизация төлемдеріне дейінгі шығындарды шегергенде) орташа есеппен 23,8%-ға жеткен, бұл әдеттегі нормадан жоғары.
Дегенмен, сауда қарқынды жүріп жатса да, кәсіпорындар үшін елдегі экономикалық жағдай қолайлы емес көрінеді.
"Кәсіпорындар үшін бизнес жүргізудің негізгі кедергісі ретінде экономиканың жағдайы аталды. Бұл туралы сауалнамаға қатысқан компаниялардың 29,6%-ы мәлімдеді. Басқа да мәселелер қатарында нарықтағы бәсекелестік (29,5%), салық деңгейі (28,8%), білікті кадрлардың жетіспеушілігі (27,3%) және сатып алушыларды табу қиындықтары (25,0%) бар", – деп атап өтті Рүстем Оразалин.
Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 17,3%-ы лицензиялар мен рұқсаттарды алу қиын екені айтқан, ал 14,4%-ы дебиторлық қарызды қайтару оңай болмай жатқанын атап өтсе, қаржыға қол жеткізе алмай жатқандар үлесі - 14,2%
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина