“Қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару азаймай тұр“ - Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президенттің айтуынша, қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару азаймай тұр.

"Біз елімізді дамытуға арналған қаражатты тиімді жұмсаудың амалын іздеп қиналамыз. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңге қаржыны жымқыратын алаяқтар бар, тіпті аз емес деп айтуға болады. Бұл – мүлде ақылға сыймайтын жағдай", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, мұндай кеселді түп-тамырымен жою керек.

"Қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары да азаймай тұр, ондай заңсыздыққа тосқауыл қою қажет. Мұндай теріс ахуал экономикаға орасан зор зардабын тигізіп жатыр. Түптеп келгенде, көлеңкелі экономикамен үзілді-кесілді күресу керек. Бұл – өте өзекті, аса маңызды міндет. Қаржылық мониторинг қызметінің алдында тұрған міндет белгілі: мемлекет қаржысының тек ел игілігіне жұмсалуын қадағалау. Осы маңызды міндеттің сапалы іске асуы сіздердің қызметтеріңізге тікелей байланысты", – деді Мемлекет басшысы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!