Қаржылық сауаттылық: қалай ақша жинаймыз?

Жинақтардың болуы ертеңгі күнге сенімділікпен қарауға және өзіңізді қауіпсіз сезінуге мүмкіндік береді. Жинақ мөлшері неғұрлым көп болса, ол пәтер сатып алу, арманыңыздағы сапарға шығу, білім алу және т.б. сияқты сіздің қаржылық мақсаттарыңызға қол жеткізу соғұрлым жеңіл болады. Fingramota.kz бірнеше жинақтау әдістерін ұсынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шығындар мен кірістерді есепке алыңыз

Қаржыңызды жазып отыру - пайдалы әдет. Бұл шығынның көбірек болуынан сақтайды және ойланбай жұмсалған қаржыны көрсетеді. Мысалы, такси орнына метрода жүруді жоспарлағаныңызбен, жолда жоспарламаған сатып алулар жасап, күткеніңізден көп шығынға ұшырауыңыз мүмкін.

Есеп жүргізу ақшаның қайда кететінін түсінуге және қандай шығындарды қысқартуға немесе кейінге қалдыруға болатынын көруге көмектеседі. Есеп жүргізу үшін блокнот, Excel немесе арнайы мобильді қосымшаларды пайдаланыңыз. Бюджетіңізді күнге, аптаға немесе айға жоспарлаңыз, бұл - қаржыңызды бақылауды жеңілдетеді.

"50/30/20" әдісі

Кірістеріңізді үш санатқа бөліңіз: 50% қажетті шығындарға (тұрғын үй төлемдері, тамақ және көлік), 30% ойын-сауыққа (мейрамханаға, киноға, театрға бару және т.б.) және 20% жинаққа немесе қарызды төлеуге.

Артықшылығы: бюджетті теңестіруге және қажетсіз шығындарды болдырмауға көмектеседі. Ақшаны жүйелі түрде жинауға мүмкіндік беріп, қауіпсіздік жастықшасын қалыптастырады. 

"Алдымен өзіңізге төлеңіз" әдісі

Жалақы алғаннан кейін жинақтауға белгілі бір соманы бөліп қойыңыз, содан кейін қалған ақшаны шығындарға жұмсаңыз.

Артықшылықтары: жинақтардың бірінші кезектегі міндет болуын қамтамасыз ете отырып, маңызды емес нәрселерге ақша жұмсаудан аулақ болуға көмектеседі.

"52 апта байлығы" әдісі

Жылдағы апталар санына сай 52 ұяшықтан тұратын кесте сызыңыз. Бірінші ұяшыққа, мысалы, 1000 теңге, ал келесілеріне біртіндеп соманы көбейтіп жазыңыз. Әр аптада осы кестедегі соманы жинақтауға әдеттеніңіз. Ең бастысы - сомалар қайталанбауы керек, бірақ мүмкіндік болса, көбірек жинаңыз.

Артықшылығы: жыл бойы айтарлықтай соманы оңай әрі қиналмай жинауға мүмкіндік береді.

Ақша жинау сандықшасы немесе белгіленген мерзімі бар жинақ шоты

Егер күн сайын ақша жинау сандықшасына қосып отырсаңыз, жинақ сомасының көбейіп отыратынын байқап, жинақтау әдетін жалғастыруға мотивация аласыз. Сондай-ақ белгіленген мерзімі бар арнайы жинақ шотын ашуға болады, онда сіздің ақшаңыз "пайыздарды" жинақтайды.

Артықшылығы: Ақша жинау сандықшасын пайдалану отбасылық дәстүрге айналып, барлығы ортақ мақсат үшін ақша қосады немесе балаларға өз қаржысын сауатты дұрыс басқаруды үйретеді. Ал жинақ шоттары мерзімінен бұрын шешу құқығынсыз жоғары пайыздық мөлшерлемелерді ұсынады, бұл жинақты уақыт өте арттырып, шоттағы ақшаны ерте алудан сақтайды.

Бұл қарапайым әдістер сізге жинақ жинауға және қаржылық мақсаттарыңызға қиындықсыз жетуге көмектеседі.

Оқи отырыңыз: "Балаңыз миллионер болсын десеңіз". Ата-ана балаға қандай қаржылық білім бере алады?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!