- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қаржылық мониторинг агенттігі...
Қаржылық мониторинг агенттігі Боранбаевқа қатысты мәлімдеме жасады
Қаржылық мониторинг агенттігі Боранбаевқа қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, бұған дейін Қайрат Боранбаевқа қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпарат шындыққа жанаспайды.
"Кей жекелеген БАҚ өкілдерінің Қайрат Боранбаевтың мемлекет пайдасына активтерді беруі жалған болғаны туралы таратқан ақпараты шындыққа жанаспайды. Жарияланған ақпараттарға сай активтерді мемлекеттік органдардың балансына беру процесі аяқталды. Екі нысан бойынша қайта тіркеу рәсімі өткізіліп жатыр", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желіде Қайрат Боранбаев мемлекетке берген активтерінің бір бөлігіне қазірге дейін иелік ететіні туралы жазылды. Олардың ішінде "АзияГаз Чунджа" газ тарату компаниясы, Comfort Hotel Astana және Fitnation фитнес-клубтар желісі бар.
Еске салайық, былтыр 6 қарашада Қайрат Боранбаев бас бостандығынан айыру орындарынан шықты.
Ал наурызда Қайрат Боранбаев 8 жылға сотталған еді. Дегенмен қыркүйекте жаза мерзімі 6 жылға дейін қысқарды.
16 қазанда Қайрат Боранбаев Астананың орталығындағы 4 жұлдызды қонақүйді мемлекет меншігіне тапсырғаны белгілі болды. Аумағы бес мың шаршы метрден асатын қонақ үй кешенінің жылдық айналымы шамамен 900 миллион теңгеден асады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова