Үш мыңнан аса инвесторды алдап, 15 миллиард теңгесін алып қойған QI Trade құрылтайшылары екі жылдан бері іздеуде жүр, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қаржы пирамидасы құрбандарының бірі - алматылық Фатима Низамова. Ол танысының ұсынысымен барлық жинаған ақшасын компанияға салғанын айтады.
"Мен 188 миллион теңгемнен, баспанамнан, коттеджімнен, пәтерімнен, жерімнен, бәрінен айырылдым. Осыларға сенгенімнен банкте жатқан ақшамды алып, барлық үйімді сатып ақшасын осында салдым. Мен бұл компанияға сендім, мені алдады", - деді жәбірленуші.
Енді зардап шеккен салымшылар алаяқтар табылып, жазаланғанын қалайды.
"Компанияда Әбдіжаппаров болған. Бастылардың бірі сол еді. Оны неге іздемейді? Мәскеуде дейді. Арыз бергенімізге екі жыл болды. Оны ұстайтын уақыт жетті. Нұрлан Сағымбаев дегеннің де қатысы бар, бірақ ол да әлі бостандықта жүр. Менің ойымша, іздестіру шаралары дұрыс жүргізілмейді. Құрбандар көп қой", - дейді Жаңагүл Оразахынова.
Полиция күдіктілерді іздестіріп жатқанын, күдіктілердің елден кетіп қалғаны іздеуді қиындатып отырғанын айтады. Бірақ жауапкершіліктен құтылмайды.
"Қазіргі уақытта жедел-тергеу бөлімшесі іздеуде жүргендердің тұрған жерін анықтауға және оларды ұстауға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр", - деп түсіндірді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қазір полиция жеті күдіктіні іздестіріп жатыр. Олардың кінәсі дәлелденсе, жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!