ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті Sax Invest қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Компания өзін инвестициялық қор, бағалы қағаздар, қаржы құралдары мен басқа да активтердің иесі, сондай-ақ, Африкада алмаз өндіру бойынша жаһандық халықаралық жобаның қатысушысы ретінде таныстырған. Нәтижесінде ұйымдастырушылар мыңнан аса салымшыдан заңсыз түрде 9 млрд теңгеден аса қаражат тартқан. Тергеу барысында бұл қаражаттың көп бөлігі компания шотына емес, пирамиданың ұйымдастырушысы Меңдіғалиевтің жеке шотына аударылғаны анықталған.
Кейін бұл қаражат оның тарапынан жеке мақсаттарға: соның ішінде казиноға 2 млрд теңге, "Блайсико" атты бақылауындағы компанияның үлесін сатып алуға 28 млн теңге, Атырау қаласындағы екі пәтерге 70 млн теңге, жеке үй құрылысына 120 млн теңге, шетелде демалуға 377 млн теңге, қызының Лондонда оқуына 53 млн теңге жұмсалған.
Қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында 2023 жылдың басында Меңдіғалиев 143 салымшымен жалпы 1,2 млрд теңгеден аса залалды өтеуге қатысты медиативтік келісімдер жасаған.
Сондай-ақ, ол 2023 жылдың соңына дейін 7 млрд теңге сомасында 1000-нан аса салымшыға қаражатты қайтарамын деген кепілдік міндеттемелерін берген. Алайда бұл уәдесіне қарамастан, салымшыларға ақшаларын қайтармаған. 2024 жылы қарашада Меңдіғалиевке халықаралық іздеу жарияланды.
Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі, жалпы құны 600 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Оның ішінде: 4 пәтер, 2 жеке үй, 2 көлік, 10 мың USDT көлеміндегі цифрлық активтер, сондай-ақ, ForteBank пен Қазақстан Халық Банкі АҚ-ның бағалы қағаздары бар.
"Күдікті ретінде Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтау қалаларындағы қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін басқарған 10 адам танылды. Олардың жетеуіне қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды", - деп жазылған хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!