Chia Tai Tianqing қаржы пирамидасын құрған Қытай азаматы елден қашып кетті. Күмәнді ұйымнан келген шығын көлемі 7 миллиард теңгеден көп. Қаржы мониторинг агенттігі алданып қалған 200 салымшыдан арыз түскенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Кәсіпорын тағамдық қоспалар мен басқа да дәрі-дәрмектерін өндіруге инвесторлардан қаражат тартқан. Өзінен кейін адамдарды алып келген салымшыларға ақшаларың еселенеді деп сендірген. "Чиа тай” мобильді қосымшасын жүктеп, оған бар тапқан табысын құйған азаматтар он күн бұрын алдандық деп арнамызға шағымданды. Тез байығысы келген азаматтар ақыр аяғында бармақ тістеп қалды.
Компанияның заңсыз қызметін насихаттаумен 2022 жылдан бері Қазақстанның 3 азаматшасы айналысқан. Олар салымшыларды құйған инвестициясынан 10 пайыз пайда көреді деп сендірген. Клиенттердің ақша төлегені туралы ешбір құжат не қағаз жүзінде келісім жоқ. Қытайдағы белгілі Chia Tai Tianqing компаниясының аты мен логотипін пайдаланып жұмыс істеген екі әйел қазір қамауда.
"Салымшыларға қаражаттың қабылданғанын растайтын құжат берілмейді, келісімшарт жасалмайды. Компанияның жұмысы жасырылған, Қытайдың белгілі Chia Tai Tianqing компаниясының логотипі қолданылған, ал олардың қытайлық компанияның қызметіне ешқандай қатысы жоқ. Қаржы пирамидасын ұйымдастыруға күдікті үш жетекшінің екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды", - дейді ҚР ҚМА тергеу басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Қалдырбай.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!