Қаржы пирамидалары: жыл басынан бері 57 қылмыстық іс қозғалды

Қазақстанда жыл басынан бері қаржы пирамидасын құрып, басқарғандарға қатысты 57 қылмыстық іс қозғалды. Олар 20 млрд теңгеге жуық шығын келтірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазіргі таңда 12 млрд теңгеден астам қаражат өтелген. Мәселен, Алматыда HitBeatMusic қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды.

Алаяқтар өздерін канадалық компанияның акционері және иесі ретінде таныстырып, музыкалық инвестициялық жоба қызметіне іс жүзінде қатысы жоқ компанияның акцияларын сатумен айналысқан. Осылайша, салымшылардың қаражатын тартып, енгізілген соманың 10-нан 15 пайызға дейін пайдасын уәде етті.

Келтірілген залал сомасы 255 млн теңге. Сот үкімімен аталған адамдар кінәлі деп танылып, 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Агенттік IT-құралдарды пайдалана отырып, әлеуметтік желілерге талдау жасайды.

Биыл қаржы пирамидаларының белгілері бар 10,5 мыңнан аса сайт сілтемелері бұғатталды. WhatsApp, Telegram және Instagram-да 292 чат бұғатталған.

Осылайша, 2 миллионнан астам әлеуетті салымшылардың қаржылық шығындарының алдын алды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!