Қаржы пирамидалары азаматтарға қанша шығын әкелген?

Қаржы пирамидалары қазақстандықтарға қанша шығын әкелгені белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жыл басынан бері Қаржы мониторингі агенттігі қаржы пирамидаларын құру және басқару деректері бойынша 68 қылмыстық істі тергеген. Бұл пирамидалардан 20 миллиард теңгеден аса шығын келген.

Бүгінде соның 13 миллиард теңгеден астамы өтелген.

Жылдың басынан бері интернетте 47 қаржы пирамидасы анықталды. Оларға қатысты әлеуметтік желілерде 300-ге жуық чат жабылды. Шамамен 2 миллионға жуық қатысушы, яғни салымшылар болған. 

"Биыл әлеуметтік желілерді талдау нәтижесінде қаржы пирамидасы белгілері бар сайттар, 11,7 мыңнан аса сілтеме бұғатталды", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін Baiqa, piramida! Telegram боты іске қосылған.

"Өзіңіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінуді сұраймыз. Азаматтарды сақ болуға және күмәнді қаржылық ұйымдарға жинақтарын салмауға шақырамыз. Call-center: 1458", - деп кеңес берді агенттік өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында Sax Invest қаржы пирамидасын басқарғандар тергеу назарына іліккені хабарланды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!