“Қарғысты қайтарамыз“. Қарағандыда үш “балгерге“ сенген зейнеткер барынан айырылған

Қарағандыда өзін "емші" әрі "балгер" ретінде таныстырған үш әйел 78 жастағы зейнеткерді алдап, оның 15 миллион теңге көлеміндегі алтын бұйымдары мен ақшасын иемденіп кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға қалай болған?

Оқиға былтыр желтоқсанда болған. Үйіне қайтып бара жатқан қарияға көшеде үш бейтаныс әйел жолығып, әңгімеге тартқан. Алғашында олар стоматологияға апаратын жолды сұрап, кейін зейнеткердің сеніміне кіріп, психологиялық қысым көрсетуге көшкен.

Күдіктілердің бірі әйелге "жақын адамы салған ескі қарғыс бар" екенін айтып, оны дереу қайтармаса, өзіне қымбат адамның өміріне қауіп төнетінін жеткізген. Осындай үрейлі сөздерге сенген зейнеткер алаяқтардың әрбір нұсқауын бұлжытпай орындаған.

Әйелдер алдымен "тазартатын ине" сатып алуды ұсынып, түрлі ырым-жоралғы жасаған. Кейін үйінен шикі жұмыртқа әкелуді сұрап, соңында қарғыстан арылу үшін барлық алтын бұйымы мен ақшасын газетке орап беруді талап еткен. Олар мөрленген түйіншек ұстатып, оны 40 күн өткен соң ғана ашып, ішіндегісін өртеп, күлін сол жерге әкелу керек екенін айтқан.

Алайда күмәнданған зейнеткер сол түні-ақ түйіншекті ашып көргенде, ішінде бос қағаз ғана жатқанын байқаған.

Полиция не деді?

Қарағанды облысы Полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілердің ізіне түскен. Тергеу барысында олар Павлодар және Алматы қалаларының, сондай-ақ, Жетісу облысының тұрғындары екені анықталған.

"Жедел ақпарат негізінде күдіктілер Теміртау қаласында жүргені белгілі болып, олар ұсталды. Кейін жәбірленуші оларды Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы полиция бөлімінде таныды. Қазір бұл дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді полиция.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!