Бетонның орнын қармен толтырған. Алматыда қала ортасынан бой көтерген тұрғын үй кешенінің құрылысындағы олқылықтар әшкере болды. Қаланың орталығында орналасқан 18 қабатты үйлерді салу кезінде қалың қар жауып, құрылысшылар қалыпқа жиналған қардың үстінен бетон құйыпты. Кейіннен қар еріп, қабырғалардың асты жалаң темірмен ғана қалған. Қорқыныштысы сол таумен таласқан тұрғын үйлердің 16-17-қабаттарында осындай олқылық бар. Massaget.kz құрылысқа жауаптылардан жауап алып, апатты үйдегі ағайынмен кездесіп келді.
Құрылыстағы кем кетікті алғаш болып анықтағандардың бірі қоғам белсендісі Санжар Боқаев. Ол өзіңің әлеуметтік желідегі парақшасында атылмыш тұрғын үйлерді ең қауіпті үйлер деп атады.
"Темірбетонды монолитті құю кезінде қабырғалардың негзігі бөлігі бетонмен толтырылмаған. Өйткені қыста жауған қар қалыптардың ішін толтырып тастаған. Ал құрылысшылар оның үстінен темірбетонды монолитті құйған. Салдарынан көктемде қар еріп, қабырғалардың асты жалаңаш күйінде қалды. Құрылысшылар қабырғаның төменгі бөлігін бетонмен толтырудың орнына сылақпен қаптап тастапты. Бетонның тығыздығы сақталмаған. Ал бұл тұрғындар үшін өте қауіпті", - дейді Санжар Боқаев.
Ал осы үйге электр желісін жүргіздім деген азамат 17, 3, 19, 20 блоктарда 10-15 сантиметр темір тоқымамен ғана қалғанын айтты. Ешқандай бетон құйылмапты. Суреттен аңғарғандарыңыздай қабырғалардың асты арсиып-арсиып көрініп тұр.
Құрылысында кінәрәт болуы мүмкін деген баспаналарға біз де барып көрдік. Әзірге пәтерлердің барлығы сатылып бітпепті. Әр блоктан "құрылыс жұмыстары жүргізіледі" деген ескертпелерді көруге болады.
Десек те тұрғын үй кешенінен баспана алғандар Санжар Боқаевтың зерттеуін көрген екен. Ал құрылысында кемшіліктер бар деген блокта тұратын Дінмұхаммед есімді қала тұрғыны "ақпарат расталған жағдайда компания басшылығы сараптама жасау керек" деген ниетте.
"Құрылыс кезіндегі қателіктерді бейнежазба шыққан кезде ғана білдік. Мен өзім сол олқылық бар деген 20-блок, 17-қабатта тұрамын. Жоғарғы қабат болғандықтан қатты шайқалды. Үйлердің қабырғаларында кішкентай жарықтар пайда болды. 33 миллион теңгеге сатып алдым. Компания басшылығына ескертеміз. Қабырғалары жұқа. Көршілердің дауыстары естіледі. Содан кейін бейнежазбада көрсетілген дефектілерді қайта тексеріп, сараптама жасау керек деп ойлаймын. Біз ғой бұл үйде тұратын", - дейді Дінмұхамед есімді қала тұрғыны.
Құрылыс компаниясы да 2022 жылдың наурыз айында құрылыс салу кезінде кем-кетіктер болғанын мойындап отыр. Алайда "олқылықтың орнын сол кезде-ақ жөндедік" дейді. Сондай-ақ бейнежазбада көрсетілген суреттерді жоққа шығарды.
"Компания нысандарды салу кезінде кейбір жұмыстарға мердігер компаниялардың қызметтерін пайдаланады. Дегенмен, барлық жұмыстар біздің қызметкерлеріміздің қатаң бақылауымен жүзеге асырылады. Жұмыс сапасы бөлімі анықтаған кемшіліктер дереу түзетіліп, сәйкестендіріледі. Біздің компания құрылыс сапасына жауап береді. Бұл сурет қазір өзекті емес", - дейді компания өкілдері.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!