Саяжай тұрғындары үшін ауыл мәртебесін алудың әлегі көп. Талғар ауданына қарасты Ақтас ауылына 35 бағбандық серіктестікті біріктіру мәселесі тұрғындар арасында қызу талқыға түсті. Инфрақұрылымнан жұрдай болған бұқара бұл шешімді қос қолдап қолдаймыз деп отыр. Алайда биліктің бүйрегі бұрмаған саяжайларға жарық пен жылу тартып, су жүргізген төрағалар бұл шешіммен келіскісі келмейтін көрінеді. Тараптарды Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.
Гүлбақыт Құрманова 21 жылдан бері саяжайда тұрып жатыр. "Осы уақыт аралығында көрмеген қиыншылығым жоқ" - дейді ол. Қақаған қыста жылусыз қалып, қар суын ерітіп ішкен тұрғын әкімдіктің табылдырығын тоздырып талай барған. Алайда "саяжай біздің құзіретімізге кірмейді" деген жауаптан әбден мезі болыпты. Енді ауыл мәртебесі берілсе көрген бейнетімізден арылар едік деп, болашағына үмітпен қарайды.
"Саяжайдың төрағалары бізден жыл сайын 45 мың теңгеден ақша жинайды. Ол ақша қазынашының, төрағаның, электриктің жалақысына кетеді. Одан бөлек техника бұзылып қалса, энергия шығынын біз төлейміз. Су екі күннің бірінде өшіп қалады. Қатты аязда қатып қалады. Қыста қарды ерітіп ішкен күндеріміз болды. Төрағаларға барсаң бастарын ала қашады. Әкімдікке барсаң "саяжай біздің иелегімізде емес" деп шығарып салады. Бізге ауыл статусы керек. "Балаларымызды ауруханаға апарсақ "сіздер саяжай тұрғынысыздар" деп қарамайды. Тек алғашқы көмек көрсетеді. Амалсыз ақылы емханаға барамыз", - дейді саяжай тұрғыны Гүлбақыт Құрманова.
Тіпті ауыл тұрғындары үйлерінің орнына мектеп салуға да қарсылықтарын білдірмейтінін айтты. Себебі балалары ауылдағы жалғыз мектепке сыймайды екен. Тұрғындардың сөзінше ауыл статусын алуға төрағалар қарсылық танытып отыр. Өйткені бұқара төлейтін теңгеден табыс тауып отыр.
Ал төрағалардың өздері саяжайға ауыл мәртебесін беруді қолдайды екен. Тек бас жоспар бекітілсе үй, жер, инженерлік желілер сүріліп, мемлекет меншігіне өтіп кете ме деп алаңдайды.
"Біз мемлекеттің тұрғындардың өмірін жақсартуға бағытталған бастамасын қолдаймыз. Бағбандық серіктестіктерге ауыл мәртебесін беруге қарсы емеспіз. Алайда бас жоспарды жүзеге асыру барысында жеке меншігімізді бұзу ұсынылып отыр. Бұл мәселеге байланысты заң аясында ашық диалог жүргізуге дайынбыз. Алайда 9 желтоқсандағы жағдай бойынша бас жоспарда менің үйім арқылы өтетін жол бар. Ол еш өзгермеді. Ал маған тиесілі жерлерде коммерциялық нысандар көрсетілген", - дейді Вишневый Сад саяжайының төрағасы Алексей Дорошкевич
35 бағбандық серіктестікті біріктірген бас жоспарды Алматы облысы сәулет және қала құрылысы басқармасы мемлекеттің мекемесінің тапсырысымен "Табрис ЖШС" жобалаушы компаниясы жүзеге асырыпты. Жалпы ауданы 313,5 гектар жерге Ақтас ауылының бас жоспары дайындалған. Сонымен қатар тұрғындардың талабына сай әлеуметтік нысандар шаруашылық жерлерге көшірілген.
"Ақтас ауылының бас жоспарына түзету енгізу жұмыстары Алматы облысы сәулет және қала құрылысы басқармасы мемлекеттің мекемесімен келісімшарт негізінде 2023 жылдың тамыз айынан бастап дайындалып жатыр. Жобаға топографиялық түсірілім түсірілді, одан кейін далалық зерттеу жүргізілді. 8 желтоқсан алғашқы қоғамдық тыңдалым өтті. 20 желтоқсан күні бағбандық серіктестік тұрғындары толық жиналып, бас жоспар талқылануда. Алайда әлеуметтік нысандардың орнына және жолдардың түсуіне, қызыл сызықтардың жүргізілуіне байланысты тұрғындардың тарапынан шағымдар болды. Біз олардың талабын ескере отырып барлығын өзгерттік", - дейді Табрис ЖШС жобалаушы компаниясының директоры Бахтияр Сұлтан.
Бағбандық серіктестіктерді біріктіріп ауыл статусын беру бұқараны биліктің қанатының астына алғанмен бірдей. Заң бойынша саяжай тұрғындарының мәселесі жергілікті әкімдіктің құзіретіне кірмейді. Ал Талғар ауданының әкім орынбасары Ануар Әскербеков ешқандай бұзу болмайтынын кесіп айтты.
"Бағбандық серіктестікке қатысты Талғар ауданы әкімдігіне жарық, жылу, суға қатысты көптеген сұрақтар келеді. Алайда әкімдіктің қарамағына саяжай тұрғындары кірмейді. Сол себепті біз бұл жердегі саяжайларды бір Ақтас ауылына біріктіріп, бас жоспар дайындалып жатыр. Алайда баспаналарды бұзу, үйлерді босату деген болмайды. Тек халықтың қолайлылығы үшін жолдарды 4 метрге дейін кеңейту үшін қоршаулар алынуы мүмкін. Бірақ бұл процессте тұрғындардың рұқсатымен ғана жүзеге асады. Ал төрағалар тартқан жарық пен жылу жүйелерінде тұрғындар қаламын десе өз еркі. Біз тек мемлекеттің қарамағына өтеміз деген адамдарға орталықтандырылған жарық, жылу, ауыз су жүйесіне қосамыз", - дейді Ануар Әскербеков.
Сондай-ақ әкімнің орынбасары ел арасында тараған қауесеттерге нүкте қойды. Яғни Talgar Eco Сity компаниясының Ақтас ауылына еш қатысы жоқ екенін жеткізді. Сонымен қатар жерді арабтар сатып алады деген жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.
Ақтас ауылының жаңа бас жоспарында 2500-ге жуық үй бар. Жалпы саны 7800 адам тұрады. Қоғамдық қабылдау кезінде келісе алмаған тараптар мәселені дауыс беру арқылы шешуді жөн санады.
Ал ауыл статусын алу үшін бас жоспар қабылданып, жер қатынастары бөлімі шекарасын бекітеді. Содан кейін мәслихатқа жолданып, шешім қабылданады. Мұның бәрі шамамен 2-3 ай уақыт алады дейді әкімдік өкілдері.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!