- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кардиологтар ұшақта ішімдік...
Кардиологтар ұшақта ішімдік ішу өлім қаупін арттыратынын ескертті
Жазғы маусым басталуына орай, саяхаттар көбейеді. Осы орайда әуежайда алкоголь ішу өлімге әкелуі мүмкін екенін ескеру керек. Зерттеу ұшақ салонындағы қысым, алкоголь және ұйқы үйлесімі өлімге әкелуі мүмкін екенін көрсетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "DailyMail"-ге сілтеме жасап.
Көптеген туристер демалысты жақсы көңіл-күймен бастау үшін әуежайда бір бокал шарап немесе сыра ішіп алады. Алайда дәрігерлер ұшақта ұйықтар алдында алкогольді ішу жүрекке ауыртпалық түсіретінін және бұл өлімге әкелуі мүмкін екенін ескертеді.
Зерттеушілер "ұшу+ұйқы+алкоголь" үйлесімі жолаушылардың қанындағы оттегінің деңгейін төмендететінін және тіпті, жас әрі сау адамдарда да жүрек соғу жиілігін арттыратынын анықтады. Олар көп ішкен сайын, әсіресе егде жастағы жолаушылар мен созылмалы аурулары бар адамдар арасында бұл әсерлер күштірек болатынын ескертті. Ғалымдар борттағы алкогольге қолжетімділікті, әсіресе ұзақ рейстерде шектеуді қарастыруды ұсынды.
"Созылмалы аурулары бар жолаушылар үшін жағдай басқаша болуы мүмкін. Олардың оттегімен қанығу деңгейі бұрыннан-ақ төмен болуы мүмкін, содан кейін одан да түсіп кетуі мүмкін. Осылайша, ауру асқынып, ұшу кезінде медициналық төтенше жағдайларға әкелуі мүмкін", – деді Кельндегі неміс аэроғарыш орталығының докторы Ева-Мария Эльменхорст.
Ол жүрек немесе өкпе аурулары бар адамдарға ұшақта алкогольден бас тартуға кеңес берді. Зерттеуге 18 бен 40 жас аралығындағы 48 адам қабылданды. Олардың жартысы атмосфералық қысымы қалыпты зертханада ұйықтады, ал басқалары крейсерлік биіктікте ұшақ салонындағы қысымды имитациялайтын барокамерада ұйықтады.
pixabay.com
Содан кейін топтар төрт сағат ұйықтады: олардың жартысы алкоголь ішпеді, ал басқалары екі банка сыра немесе екі бокал шарапқа тең алкоголь ішті. Қалыпты жағдайда алкогольсіз ұйықтағандардың қандағы оттегінің деңгейі тұрақты болды – шамамен 96 пайыз және жүрек соғу жиілігі минутына 64 соққы.
Ал ішімдік ішкен барокамерадағылардың қандағы оттегі деңгейі орта есеппен 85 пайызға дейін төмендеді, ал ұйықтап жатқандағы жүрек соғу жиілігі минутына 88 соққыға дейін өсті. Бұл алкогольсіз барокамерада жүргендердің қандағы оттегінің орташа деңгейімен 88 пайыз және жүрек соғу жиілігімен минутына 73 соққымен салыстырылады.
Қатысушылар жатып ұйықтады, сондықтан нәтижелер эконом-класпен ұшатындар үшін басқаша болуы мүмкін, деп жазылған Германияның Кельн қаласындағы аэроғарыштық медицина институтының командасының Thorax журналындағы есебінде.
"Бұл нәтижелер жас және дені сау адамдарда да гипобариялық (салондағы қысым) жағдайда алкогольді ішудің ұйқымен үйлесуі жүрек-қан тамырлары жүйесіне айтарлықтай күш түсіретінін және жүрек немесе өкпе аурулары бар науқастарда симптомдардың өршуіне әкелуі мүмкін екенін көрсетеді.
Кардиоваскулярлық симптомдар борттағы медициналық төтенше жағдайлардың 7 пайызында кездеседі, ал борттағы инфаркт - ұшақтардың бағытынан ауытқуының 58 пайызының себебі болып табылады", - деп қорытындылады ғалымдар.
Оқи отырыңыз: Бір жыл алкоголь ішпесеңіз, ағзада қандай өзгерістер болады?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова